Балқашта көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табысталды

Қарағанды облысының әкімдігінің сайты

Балқашта кезекте тұрған алты көпбалалы отбасы пәтер алды. Жаңа тұрғын үй "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша берілді. Жалға берілетін пәтерлердің кілттерін қала әкімі Қайрат Қамзин табыстады.

Кезекте тұрған төрт отбасы Балқаш-1 станциясындағы екі қабатты таунхаустарда қоныс тойын тойлайды.

Тағы екі пәтер "Қоңырат" шағын ауданында берілді. Тұрғын үй әрленген.

Әсел Шынбаева жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Олар өз пәтерлерін көптен бері армандап келеді, бірақ сатып алуға мүмкіндік болмаған.

– Мен үмітімді үзбей, кезекке тұрдым. Енді міне осындай тосынсый болды. Балаларым пәтер алғанымызға ерекше қуанды. Біз осыған дейін пәтер жалдап келдік, қиын болды. Біріншіден, қымбат, екіншіден, үй иелері көпбалалы отбасыға пәтерін жалға бергілері келмейді. Енді өз баспанамыз бар, бәрі жақын: мектеп, дүкендер, аялдама, – дейді Әсел Шынбаева.

Қазіргі уақытта Балқашта мемлекеттен тұрғын үй алуға кезекте 2063 адам тұр, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 201.