Қарағанды облысында коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

ашық дереккөз

Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап әлемде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың жоғары өсуі байқалады, соңғы тәулікте 950 мыңнан астам адам ауырып, 3000 өлім жағдайы тіркелді. Маусым айында Қарағанды облысында да инфекция жұқтырғандардың саны күрт көбейген. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте айтылды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі.

«Пандемия басталғаннан бері Қарағанды  облысында 2022 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша COVID-19 расталған 154 341 жағдай анықталды, сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 10 807,8 құрады»,- деді  Қарағанды ​​облысының бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлжан Байғұтанова.

Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Қарағанды облысы "жасыл" аймақта орналасқан.  Сәуір және мамыр айларында коронавирус инфекциясының 10–нан аспайтын жағдайы тіркелсе, маусым айында 39 жағдай тіркелген. Ал шілде айында Қарағанды облысында коронавируспен ауырғандардың 2838-і, Ұлытау облысында - 325 жағдай анықталды. Эпидемиологиялық болжамға сәйкес тамыз айында аурудың одан әрі өсуі күтілуде.          

«COVID-19 жағдайларының арасында бір жыл бұрын вакцинацияланбаған және вакцинацияланбаған, коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өтпеген адамдар басым.  Сырқаттанушылық негізінен Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында тіркеледі, бұдан басқа, сырқаттанушылықтың тіркелуі Жезқазған, Сәтбаев, Саран, Шахтинск қалаларында және Абай ауданында байқалады. Ауру барлық жас топтарында тіркеледі, 50 жастан асқан адамдар инфекцияға өте бейім – 38%, 14 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлес салмағы - 16% құрады»,- деді  Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлжан Байғұтанова.

Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) шектеу шараларын қайта қарады.

Өңірді "сары" аймаққа көшіру кезінде келесі шаралар қарастырылған:

- байланыста болған адамдарды қашықтықтан жұмыс нысанына ауыстыру;

- COVID-19  науқаспен байланыста болған кезде COVID-19 -ға қарсы вакцинациялауға абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс нысанына ауыстыру;

- білім беру ұйымдарында топтарды қоса атқарумен іс-шараларды өткізуді болдырмау (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етілген);

- объектілерде санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау, күнделікті ылғалды жинауды жүргізу және объектілердегі үй-жайларды желдету шаралары қолданылатын болады.