Енді ерлі-зайыптылар зейнетақы жинақтарын біріктіре алады

ашық дереккөз

Заңның тағы бір жаңалығы бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитетін енгізу болып отыр, ол ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және олардың әрқайсысына жеке кесте бойынша өмір бойы төлемдер белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.

Мысалы, ерлі-зайыптылардың, 55 жастағы күйеуі мен әйелі тиісінше 11,6 млн теңге және 5 млн теңге мөлшерінде зейнетақы жинақтары бар деп алайық.

«Бұл ретте күйеуі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен зейнетақы аннуитетінің ең төмен құны 7,4 млн теңгені, әйелі үшін – 9,2 млн теңгеге тең. Тиісінше, әйелдің жинақ сомасы жеке зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жеткіліксіз. Жинақтарды біріктіріп және бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасай отырып, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өмір бойы төлемдер ала алады. Бірлескен зейнетақы аннуитеттерін енгізу азаматтардың жинақ бастамаларын арттыруға және зейнеткерлікке шыққан кезде оларға қосымша жинақтарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қызметті 1 млн жуық адам пайдалана алады», - деді Хаджиева.