Қарағанды облысында жергілікті тауар өндірушілер бағаны ұстап тұруға көмектесуде

ашық дереккөз

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 14-і өндіріледі. Мысалы, картоп, жұмыртқа, сиыр етіне сәйкес ішкі қажеттіліктер толығымен қамтамасыз етілген. Жергілікті тауар өндірушілер көкөністер мен жұмыртқаларды белгіленген бағамен супермаркеттерге жеткізеді.

Облыс әкімдігінде бағаны тежеу шаралары туралы айтылды. Өңірде азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов мемлекеттік органдар өкілдерінің, ірі сауда желілері басшыларының, көтерме жеткізушілердің, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен отырыс өткізді.

Кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесі 15%-дан аспайтынын еске салды. Супермаркеттерге ғана емес, тұрғын үйлер маңындағы дүкендерге де бақылау жүргізілуде.

Маңызды міндет – артық делдалдарды жою. Ол үшін әкімдік супермаркеттерге тауар өндірушілермен тікелей жұмыс істеуді ұсынады.

Ішкі нарықты өз өнімдерімен қанықтыру туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров айтып берді.

– Биыл картоп өндіру көлемін – 11,1%-ға, сәбіз – 23%-ға, қырыққабат – екі есеге ұлғайту жоспарлануда. Жергілікті тауар өндірушілерден тұрақтандыру қорына 295 тонна картоп, 200 тонна сәбіз сатып алынды, – деді ол.

Сонымен қатар, айналым схемасының арқасында супермаркеттер мен әлеуметтік павильондарда картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз белгіленген бағамен сатылады. Асқар Санаубаров жеткізілімдердің тұрақты екенін, 2022 жылдың қараша айынан бастап жалпы көлемі 648,6 тоннаны құрағанын атап өтті.

Сондай-ақ, жасалған меморандумдар шеңберінде жергілікті құс фабрикалары өз өнімдерін белгіленген төмендетілген бағамен сатады.

Сонымен қатар, күн сайын сауда орындарына резервтік қордың ұны мен азық-түлік корпорациясының астығынан өндірілетін әлеуметтік нан жеткізіледі. Супермаркеттерге сондай-ақ қолжетімді бағамен резервтік ұн жеткізіледі.

– Бағаны ұстап тұру – басты міндет. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 19 атауының 14-ін өзіміз облыста өндіреміз. Біз бес түрлі өнім жеткіземіз: күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, қант және тұз. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс жедел және стратегиялық шешімдерді талап етеді, – деп атап өтті Бауыржан Асанов. – Кәсіпкерлер заңнаманы назардан тыс қалдырмауы керек – рұқсат етілген сауда үстемесін ұстану керек. Баға белгілеудің барлық тізбегі бақыланады, бақылау жүргізіледі.

 

Фото: Еркебұлан Хадылбек