Теміртаудағы ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың құрылысы кесте бойынша жүріп жатыр

ашық дереккөз

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір бойынша жұмыс сапарларын Теміртаудан бастады. Өңір басшысы ЖЭО-2-де болып, жетінші қазандықтың құрылысымен танысты. Бұл қала үшін маңызды жоба, оны іске асыру энергия тапшылығын азайтуға және жылумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді.

Монтаждау жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталды. Қазандық ғимаратын және оның металл конструкцияларын жөндеуді, № 7 қазандықты және оның қосалқы жабдықтарын монтаждауды AB Construction компаниясы орындайды. Облыс әкіміне жұмыстар кесте бойынша жүріп жатқаны, құрылыс материалдарымен проблемалар жоқ екендігі баяндалды. Жақында жабдықты орнату басталады. Нысанды пайдалануға беру 2023 жылдың күзіне жоспарланып отыр.

Жаңа қазандықтың өнімділігі сағатына 420 тонна буды құрайды. Теміртаулықтарды тұрақты жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін қуат жеткілікті болады.

Ермағанбет Бөлекпаев ҚарГРЭС-1 жұмысымен де танысты.

Содан кейін облыс әкімі жылыту маусымын өткізу бойынша кеңес өткізді. Проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, ЖЭО-2-де қосымша қуаттарды енгізу мәселесі шешілуде. Бұл тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуді тұрақтандыруға мүмкіндік береді. КарГРЭС қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Станцияларда көмірдің нормативтік қоры жеткілікті.

Қала әкімдігі тұрғындардың шағымдарына жедел ден қойылатынына сендірді. Жөндеу бригадалары сол жерге барып, себептерін анықтап, ақауларды жоюға көмектеседі.

Теміртауда жылу желілерінің қатты тозуы өзекті проблема болып табылады.

– Жылу магистралін жөндеу жалғасады. 2023 жылы жылыту маусымына дайындық жұмыстары шеңберінде алты жобаны іске асыратын боламыз, оның ішінде екі жоба биылдан қалады. 28,8 шақырым желіні жөндеу жоспарлануда, – деді Ораз Тәуірбеков.

Сонымен қатар, олар желілердің жылу оқшаулауын қалпына келтіреді. Ал авариялық бригадалар үшін жаңа техника сатып алынады.

Ақтау кентінің үйлері 17 автономды станциямен жылытылады. Орталықтандырылған модульдік қазандықтың құрылысы жоспарлануда. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.