Қарағанды облысында 3 шопан боранда адасып кеткен

Ашық дереккөз

Облыстың басым бөлігінде ауа райы қолайсыз: ақтүтек боран соғып, қар жаууда, соның салдарынан жолды көру мүмкіндігі нашарлап, көктайғақ тіркелді. 29 наурызда Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары екі іздестіру-құтқару жұмысын жүргізді. Қарағанды қаласы Тихоновка қайың тоғайы аумағында 40 жастағы шопанды іздестіру жүргізілді. Ол 29 наурызда сағат 20:00 шамасында мал іздеуге шығып, оралмаған. 30 наурызда 00:55-те аталған азамат Тихоновская қайың тоғайынан 2 км қашықтықта табылды.


«Сондай-ақ 30 наурызда Бұқар Жырау ауданы, Жаңақала ауылында Қарағанды облысының ТЖД күшімен 1969 және 1972 жылдары туған бақташыларды іздеу жүргізілді. Олар сағат 19.00 шамасында мал іздеуге трактормен шығып кетіп, оралмаған. 30 наурыз күні сағат 02.00-де із-түзсіз жоғалғандар Жаңақала ауылынан 5 шақырым жерден табылып, Ботақара кентіне жеткізілді. Медициналық көмек қажет болмады», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.