Қарағанды облысында жабылып қалған ауыл мектебі қайта ашылды

фб

Ақтоғай ауданына қарасты Айыртас ауылындағы білім ордасы бала санының жеткіліксіздігіне байланысты 2021 жылы жабылып қалған болатын. Бір ауылға тірек болған қара шаңырақтың жабылуы жергілікті халыққа ауыр соққы болды. Жұмыссыз жұрт мектеп жасындағы бала-шағасының қамымен қала жағалап кеткен. Ауылда тек төрт түлігіне қарайлаған отбасылар қалған еді. Биыл оты өшуге айналған ауылының тағдырына алаңдаған ел азаматтарының арқасында Айыртастағы мектепте  қоңырау үні қайта естілді. Бұл туралы «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары Ілияс Мұқай фейсбук парақшасында жазды.

« ...Мектебі жоқ ауылдың болашағы болушы ма еді?!. Осы бір түйткілді мәселе ауылдың атқамінер азаматтарының арқасын аяздай қарып, күндіз отырғызбай, түнде жатқызбай келген-тін... Бүгін міне, сол алтын бесік ауылымыздан ақжолтай хабар жетіп отыр.Білім күні мерекесі қарсаңында ұшқан ұямыздың есігі оқушыларға айқара ашылып, алғашқы қоңырау соғылған екен.  Бұл – ауыл азаматтарының ынтымақ-бірлігінің, ұйымдаса іс қылуының арқасында жүзеге асқан ілкімді іс»,- деп жазды Ілияс Дүңгенбайұлы.

Мектептің қайта ашылуына тікелей ауыл азаматтары себепші болған. Ұйымшылдықтың арқасында сырттан 4 отбасын көшіріп әкеліп, қажетті жағдайдың бәрін жасап берген. Сондай-ақ жан-жаққа оқуға кеткен ауыл балаларын да кері қайтарған. Қара шаңырақтың қамы үшін арнайы ауыл қоры құрылып, сырттан көшіп келген отбасыларға мал мен қосымша шығындар үшін қаржы бөліп отыр. Айыртас мектебінің қайта ашылуына аудан әкімдігі тарапынан да айтарлықтай қолдау болған.  Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Базылұлы жыл соңына дейін тағы 4 отбасын көшіріп әкеліп, бала санын арттыру жоспарда бар дейді.

«Қазір Айыртас ауылында бастауыш мектеп ашу туралы облыс әкімінің  қаулысы бар. Әзірше мектепте 10 бала, 3 мұғалім бар. Алдағы уақытта ауыл азаматтары тағы 4 отбасын көшіріп әкеліп, бала санын 20-ға жеткіземіз деп отыр. Келер жылы бала санын 41-ге жеткізу жоспарда бар. Бүгінгі таңда Айыртас мектебінің материалдық базасына қосымша қаржы қарастырылды»,- дейді аудан әкімінің орынбасары.

"Туған жерге туыңды тік"  демекші  нағыз ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен айыртастықтар осы қарқынмен «негізгі мектеп» статусын қайта қайтарып,  9 сыныптық білім ордасына айналамыз дейді. Тек мемлекет тарапынан тиісті көмектер көрсетілсе деген тілектері бар ауылдағы ағайынның.