Ленин шахтасындағы жарылыс : жұмыс берушінің 100 % кінәсі бары анықталды

ашық дереккөз

Трагедияда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында жұмыс берушінің 100 % кінәсі бары анықталды. Премьер-министр тағайындаған үкіметтік комиссия өз жұмысын аяқтады. Бұл туралы  ТЖ министрі Юрий Ильин Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтты.

Ведомство басшысы  бұрғыланған дренаждық ұңғымалардан газ бен көмір шаңының көп мөлшерінің шығуына байланысты кенеттен газдинамикалық құбылыстың салдарынан болғанын хабарлады. Негізгі себеп – метан мен шаңның көп мөлшерде жиналып қалуы. Салдарынан металл бекіткіштердің  үйкелісінен шыққан ұшқын тұтануға себеп болған.

Комиссия сонымен қатар жұмыс қауіпсіздігін бақылаудың жеткіліксіздігін және қызметкерлердің жетіспеушілігін атап өтті.

«Шығарынды қауіпті учаскенің болжау қызметінің штаты тау-кен шеберлерімен қамтылмаған. Іс жүзінде штат кестесінде 13 адам болды, есеп бойынша 25 адам болуы керек. Бұл ұңғымаларды бұрғылау кезінде болжау қызметінің инженерлік-техникалық жұмыстарын, сондай-ақ олардың сапасы мен параметрлерін тиімді бақылауға мүмкіндік бермеді», – деп түсіндірді Юрий Ильин.

Жерасты электр слесарларының тапшылығы да байқалды. Бұл газды қорғау датчиктеріне техникалық қызмет көрсетуді бақылауға мүмкіндік бермеді.

«Жұмыскерлердің кінәсі 0 %, жұмыс берушінің кінәсі 100 % құрады. Жұмыс барысында комиссия ҚР еңбек заңнамасын, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді бұзуға жол берген жауапты тұлғалар тобын анықтады. Апатты тергеу жөніндегі материалдар процестік шешімді одан әрі қабылдау үшін қадағалау және құқық қорғау органдарына берілетін болады», – деді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, күдіктілер тобына "АрселорМиттал Теміртау" басшылығынан бастап Ленин атындағы шахтаның инженерлік-техникалық персоналына дейінгі 26 лауазымды тұлға кірді. Тергеу іс-шаралары барысында күдіктілердің саны артуы мүмкін.

ТЖ министрі Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша қазір "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қызметіне кешенді тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қарашаға қараған түні Ленин атындағы шахтада газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде метан газының кенеттен шығарылуы орын алды. Апат кезінде шахтада жер астында 106 адам болған. 5 адам қаза тауып, төртеуі зардап шекті. ТЖ фактісі бойынша Қарағанды облысының полиция департаменті ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық істі тіркеді.