Қырғызстан парламенті қауіпсіздік мақсатында әйелдерге үсті-басын толық жабатын – ниқаб киюге, ерлерге ұзын сақал өсіруге тыйым салатын заң жобасын жариялады. Заң бұзғандарға айыппұл салып, қоғамдық жұмысқа жегу қарастырылған. Бұл шара Қырғызстан қоғамында қызу талқыланды, деп хабарлайды Life09 ақпараттық агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Орталық Азияда тағы да “әйелдер қандай киіммен жүргені дұрыс?”, “ерлерге ұзын, қалың сақал қоюға бола ма?” деген мәселе талқыланып жатыр. Бұл жолы кезек Қырғызстанға келді.
Қырғызстан парламенті “қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында” әйелдерге үсті-басын толық жауып тұратын ниқаб киюге, ерлерге ұзын сақал қоюға тыйым салатын заң жобасын таныстырды.
14 қарашада қоғамдық талқылауға шығарылған заң жобасында бұл шара азаматтардың жүзін көріп, түр-тұлғасын ажырату үшін керек деп түсіндірілген.
Заңды бұзған адамдар 22 доллар көлемінде айыппұл төлейді немесе 30 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Бұл тыйымды қайта бұзғандар 44 доллар айыппұл немесе 40 сағат қоғамдық жұмыс деген жазаға кесіледі. Заңда қандай ұзындықтағы сақалға тыйым салынатыны нақты көрсетілмеген. Бұл жауапқа тарту туралы шешімді субъективті түрде қабылдауға мүмкіндік береді.
Заң жобасы мақұлданса, оның күші тек Қырғызстан азаматтарына ғана жүреді. Туристер, дипломаттар мен елде уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары жауапқа тартылмайды. Сондай-ақ денсаулығына байланысты бетін жауып жүруге мәжбүр азаматтар да жауапкершіліктен босатылады.
Орталық Азияда ислами киім мен ұзын сақал көбіне дінді қатаң ұстану белгісі саналады.
Заң жобасын депутат Шарапатхан Мажитова ұсынған.
Депутаттың айтуынша, бұл тыйым әйелдің көзін ғана ашық қалдыратын ниқабқа ғана қатысты. Мажитова басы мен мойнын ғана жабатын хиджаб киген әйелдерге қарсы емес.
Қырғызстанның көршілері — Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан мектеп пен жұмыс орнында хиджаб киюге тыйым салған.
ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Мажитованың ниқабқа қарсы науқаны сәуірде басталған. Депутат Оштың оңтүстігіндегі ауданнан қара түсті, үсті-басы түгел жабық әйелдерді көріп, алаңдап қайтқанын айтады.
— Олардың көздері ғана көрініп тұрды. Қаласа, орамал тақсын, бірақ қара киім киіп, жүзін тұмшалаудың керегі не? — деген депутат парламентте сөйлеген сөзінде.
Ол Қырғызстандағы жоғарғы діни орган — мүфтиятты әйелдер арасында ниқаб туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Депутат қыркүйекте ұсынысын тағы қайталап, парламент пен үкіметтен кеш болмай тұрғанда, қауіпсіздік мәселесін қолға алуды талап етті.
Халықаралық "Хиджаб күнін" қырғыз қыз-келіншектері де атап өтті. Қырғыз депутаттары ұсынған заң жобасы хиджабқа тыйым салмайды.
Халықаралық "Хиджаб күнін" қырғыз қыз-келіншектері де атап өтті. Қырғыз депутаттары ұсынған заң жобасы хиджабқа тыйым салмайды.
— Оштағы әрбір төртінші әйел ниқаб киеді. Олардың саны күн санап артып жатыр. Үкіметтен кеш болмай тұрғанда, мемлекеттік деңгейде шара қабылдауды талап етемін, — деді Мажитова.
Депутат пікірінше, “паранжа” деген атпен белгілі ниқабқа тыйым салатын заң дін еркіндігін шектемейді. Мажитова әлемдегі ондаған ел ниқабқа тыйым салғанын айтады. Олардың қатарында мұсылмандар саны аз Австрия, Дания, Франция, Болгария, Нидерланды мен Бельгия да бар.
Кейінгі жылдары Орталық Азияда ислам дінінің ықпалы артып келеді. Әсіресе, 1991 жылы Совет Одағы тарағаннан кейін туған жастар арасында дінге қызығушылық жоғары.
Өңір мемлекеттері діннің ықпалынан қорқып, экстремизм мен терроризмнен қауіптенеді.
2016 жылы ниқаб киген әйелдердің Оштағы қоғамдық шарада түскен суреті «шетел мәдениетіне» қарсы мемлекеттік науқанға түрткі болды.