Елімізде ЖСН алу тәртібі өзгереді

ru.sputnik.kz

Қазақстанда енді шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу тәртібін өзгерту жоспарланған.

Ішкі істер министрлігі бұйрықты талқылауға шығарды. Жаңа ережеге сәйкес, шетелдіктер электронды үкімет порталы арқылы ЖСН ала алмайды. Оны алу үшін тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына өзі келіп, өтініш беруі қажет.

Енді бұл қызметке жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіріп, құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, Халыққа қызмет көрсету орталығының интеграцияланған ақпараттық жүйесінде (ИИЖ) өтінішті толтыруы қажет.

ҚР-ның азаматтығы жоқ, бас бостандығынан айырылған шетелдіктер және тұрақты тұрмайтын адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметті алу үшін осы қағидаларға қосымшаға сәйкес өтініш негіз болып саналады, - делінген құжатта.

Егер шетелдік Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттардың толық емес топтамасын немесе қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынса, оның құжаттарын қабылдаудан бас тартылады. Мемлекеттік қызметті көрсетуден де бас тарту туралы қолхат беріледі.

Бұған дейін елімізде ескі ереже бойынша шетелдіктер ЖСН-ді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, екінші деңгейлі банктерде немесе ҚР-ның азаматы болып табылатын ресми өкілінің көмегімен электронды үкімет порталы арқылы ала алатын.