Қазақстанда 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынбақ. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Сондай-ақ министр, вейптің де сатылымына толықтай тыйым салу туралы заң жобасы жайлы айтты.
«4608 денсаулық мектебі, темекіге қарсы кабинет және 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілді. Тұтынудың электрондық жүйелерінің (вейптер), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салуды енгізу бойынша мәжілісте заңға өзгерістер қарастырылды. 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізілуде», - деді Ажар Ғиният.
Қазір энергетиктерді тұтынуға әлі тыйым салынбаған, бірақ «он сегіз жасқа дейінгі балаларға ұсынылмайды».
Айта кетейік, түзету заңнамаға енгізілген және Мәжілістің қарауында, яғни ол әлі қабылданған жоқ.