Дағыстан мен Якутияда мобилизацияға қарсы ереуілдер өтті

ашық дереккөз

Ресейде Украинамен соғысқа жұмылдыруға қарсы наразылықтар жалғасуда. Дағыстанда ереуілшілер тас жолды жапса, якутиялықтар алаңға шығып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап.

Дағыстанда Эндирей ауылының тұрғындары мобилизацияға қарсылықтарын білдіріп, Хасавюрт-Махачкала тас жолын жапты. Наразы халық алаңда “Соғыс болмасын!” деп ұрандатты. Полиция қызметкерлері ереуілшілерді қайтару үшін аспанға оқ жаудыртқан. Бірақ жапа шеккендер жоқ.

Кейіннен көтеріліс Махачкалада жалғасты. Бір топ әйелдер балаларын соғысқа жібермейтіндерін айтып, назын жеткізді.

Содан кейін наразылық Махачкаладағы қуыршақ театрының алдында бірнеше жүз адамға ұласты, полиция көтерілісшілерді қамауға ала бастады. Кешке Ресей гвардиясы келіп, ереуілді басты. 100-ге жуық адам ұсталды.

Дағыстанның әскери комиссары Дайтбег Мұстафаев халықты тыныштандыру үшін Ресей мемлекеттік теледидарының жергілікті филиалы арқылы сөз сөйледі. Мұнда Украин майданына әскери тәжірибесі мен жедел қызметкерлері жоқ адамдарды шақырмайтынын және Дағыстаннан 13 мың адам шақырылады деген өтірік қауесет екенін мәлімдеді.

Якутиядағы мобилизацияға қарсы көтеріліс те сол кезде өтті. Мұнда 400-ге жуық адам алаңға шығып, “Соғыс болмасын!” деп ұрандатты. Наразылардың басым көпшілігі – әйелдер қауымы. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, акция барысында 24 әйел ұсталған.

Дәл сол күні наразылық акциялары әйелдердің қатысуымен Солтүстік Кавказдағы Кабардино-Балкарияда өтті. Нальчиктегі үкімет ғимаратының алдындағы ереуілге бірнеше ондаған адам шықты.