Қарағандылық би тобы Түркияда өтетін IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетеді

ашық дереккөз

«Жарқын» фольклорлық ансамблінің 16 мүшесі Қарағандыдан Түркияға аттанды. Хореографиялық ұжым IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетеді.

Ойындар 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Ыстамбұлдан 125 шақырым жерде орналасқан Түркияның Бурса провинциясында өтеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы айтулы шоуға Түркияның үздік режиссерлері мен сценаристері тартылды. «Жарқын» бір ай бойы халықаралық жобаға дайындалды. Бишілер ұлттық нақышта бірнеше композиция ұсынады.

«Ашылу салтанатына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей, Түркия, Венгрия, Балқан елдерінен 1500-ге жуық өнерпаз қатысады. Шараның басты ұйымдастырушысы – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы. Осындай ауқымды шараның қатысушысы болу біз үшін үлкен мәртебе», – делінген Жарқын ансамблінің Instagram желісіндегі парақшасында.