Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 400 мыңға дейін өсті

ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз мәдениет саласында қызмет істейтін азаматтарға тиісті көңіл бөлмей келеміз. Бұл ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлері мен әртістерге қатысты. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары іс жүзінде өскен жоқ», деген болатын. Араға жылдар салып, іс жүзінде орындалмаған тапсырманы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған сияқты. Министрліктің ресми фейсбук парақшасында Президен тапсырмасының орындалғаны туралы жазба жарияланды,деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі.

««Ұлттық» мәртебесі бар бес жетекші мәдениет ұйымы қызметкерлерінің еңбекақысы 75 % -ға артты. Енді осы ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысына жаңа коэфициент қолданылады. Мысалы, 7-10 жылдық еңбек өтілі бар әртістер осыған дейін 217 129 теңге алып келді, ал 1 шілдеден бастап олардың еңбек ақысы 379 977 теңгеге жетті»,-делінген жазбада.

Айта кетейік, Президент Қасым-жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан кейін қалалық жердегі мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға, ал ауылдағы мамандардікін 30 пайызға көбейген. Бірақ аталған сала қызметкерлері жалақы өскенімен, бүгінгі заман шеңберінде басқа салаларға қарағанда едәуір төмен деп шағымданған болатын.