Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып бұған дейін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымында болған Тайхан Қалмаханов тағайындалды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тағайындау конкурстық комиссияның қорытындысы негізінде жүргізілді. Енді Тайхан Қалмаханов Қарағанды қаласының құрылыс, сәулет және жер қатынастары мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Тайхан Қалмаханов 44 жаста. Үш жоғары білімі бар. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын "режиссер, суретші мультипликатор" мамандығы бойынша, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қаржы және құрылыс бакалавры.
Еңбек жолын Қарағанды қаласы әкімдігінің жанындағы қалалық шаруашылық басқармасында жетекші маман болып бастады. 2002 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қалалық құрылыс, сәулет және абаттандыру басқармасында жұмыс істеді. "Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі" ММ басқарды. 2014 жылдан 2016 жылға дейін Қарағанды әкімінің орынбасары болды. Содан кейін Қарағанды облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары , 2019 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарды.