Мемлекет басшысы: «Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті»

скриншот

Елордада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғырту барысы туралы айтты.

«Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі.

Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті.

Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті.

Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді.

Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын», деді Президент.