Әлем чемпионаты: Жапон жанкүйерлері әлемге үлгі көрсетті

ашық дереккөз

Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында жапониялық жанкүйерлер өздері отырған жердің қоқысын түгел жинап кеткен, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.

Е тобындағы Жапония мен Германия арасындағы ойыннан кейін күншығыс елінің жанкүйерлері өздері отырған сектордың қоқысын жинауға кіріскен. Жапондықтардың бұл ісіне таңғалған жергілікті тұрғындар қоқысты арнайы адамдардың жинайтынын айтса да, олар жинауды жалғастыра берген. Тіпті алдыңғы ойында шашылып қалған Қатар мен Эквадор туларын жинап, стадион қызметкерлеріне тапсырған.

«Біз жапониялықтар осындаймыз. Отырған орныңды шашып кету мәдениеттілікке жатпайды. Қоқыс жинау ұят емес, ол адамдардың еңбегін сыйлау, келген жеріңе деген құрмет», деді жапониялық жанкүйер.

Күншығыс елінің жанкүйерлері түгілі футболшыларының жоғары мәдениеті туралы Ресейде өткен әлем чемпионатында әлемдік БАҚ жарыса жазған болатын. Ол кезде Жапония футболшылары өздеріне берілген киім ауыстыру бөлмесін ойын біткеннен кейін мұнтаздай қылып жинап кеткен еді.

Айта кетейік, Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Жапония Германияны 2:1 есебімен жеңіп, сенсация жасады.