Футболдан ӘЧ: Испания Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата жеңді

ашық дереккөз

Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Е тобында Испания мен Коста-Рика командалары жасыл алаңға шықты.

Бұл топтағы алғашқы ойында Жапония күтпеген жерден Германияны 2:1 есебімен тізе бүктіріп, доданы қыздырып жіберген еді.

Өз тарихында үш дүркін Еуропа, бір рет әлем чемпионы атанған Испания қашанда фавориттер қатарында саналатыны анық. Сондықтан бастапқы кездесуінде жеңіліс тапқан Аргентина мен Германияның жолын құшпас үшін испаниялықтар матчқа тастүйін дайындықпен шықты.

Луис Энрикенің шәкірттері алғашқы жарты сағатта-ақ ойын тағдырын шешіп тастады. Алдымен 11-минутта Гавиден пас алған Дани Ольмо есеп ашты. Бұл Испания құрамасының әлем чемпионаттары аясындағы 100-інші голы еді.

Арада 10 минут өткенде, сол қанаттан Жорди Альбадан келген допты Марко Асенсио тоқтатпастан теуіп, қақпа бұрышын дәл көздеді. Сосын Оскар Дуарте өз айып алаңында Альбаны шалып жықты. 31-минутта Ферран Торрес 11 метрлік пенальтиден мүлт кеткен жоқ – 3:0. Костарикалық қақпашы Кейлор Навас түк істей алмады.

Екінші кезеңде 54-минутта Ф.Торрес екінші голын соқты. 74-минутта Гави есепті 5:0-ге жеткізді. 90-минутта Карлос Солер мергендік танытса, сәлден кейін Альваро Мората да өз голын соқты – 7:0.

Осылайша, Е тобында доп айырмасы бойынша Испания 3 ұпаймен көш бастады. Үш ұпайы бар Жапония екінші орында. 27 қараша күні Жапония – Коста-Рика, Испания – Германия құрамалары өзара кездеседі. Әсіресе, енді германиялықтарға шегінер жер жоқ.