Тарихи жеңіс! Қазақстан УЕФА Ұлттар лигасында көш бастады

ашық дереккөз

Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 5-туры аясындағы кездесуде Беларусь құрамасын ұтты.

Қазақстандық футболшылар өз тарихында Беларусьті ешқашан жеңіп көрмеген. Ал "Астана Аренадағы" бүгінгі кездесуде Қазақстан құрамасына тек жеңіс қажет болды.

Матчтың 29-минутында Михаил Габышев Рамазан Оразовтың әдемі пасын голға айналдырды. Бірақ командалар үзіліске кетер сәтте Павел Савицкий стандарт кезінде баспен дәл соққы жасап, есепті теңестірді.

Матчтың 79-минутында Бахтияр Зайнутдинов гол соғып, барша қазақстандықты қуантты. Қорытынды есеп - 2:1.

Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының тобында бірінші орын алып, В дивизионына жолдама алды. Одан бөлек, ЕУРО-2024 жолдамасына таласады. Онда Ұлттар лигасы С дивизионындағы әр топта бірінші орын алған төрт команда бір жолдамаға таласады.