Көше тарихы : Александр Затаевич көшесі

Saryarqanews

LIFE09 «Көше тарихы» атты жобасын одан әрі жалғастырады. Біз бүгін Александр Затаевич көшесі жайлы сөз қозғаймыз.

Қарағандыда 2020 жылы көптеген көше атаулары өзгерген болатын. Соның бірі бұрынғы  Зональная көшесіне қазақтың ұлттық музакасын зерттеуші Александр Затаевичтің есімі берілген. 

Қарағанды тұрғындарына осы көшеге есімі берілген тұлғаны тани ма деген сауал қойған болатынбыз. Сауалнама нәтижесінде жауап берген халықтың 70%-ы таныса, 30%-ы танымайтындарын жеткізді. Танымағаны үшін ұялған тұрғындар да кездесті.

Ал сіз Александр Затаевичтің кім екенін білесіз бе? Білмесеңіз LIFE09 ақпарат агенттігі Александр Затаевич жайлы мағұлматтарды ұсынады.

Александр Затаевич қазақтың ән - күйінің қағаз бетіне түсіп, осы уақытқа дейін жетуіне себепші болған бірден бір ірі тұлға. 1920 көктемінен бастап 1923 ж. аяғына дейін, нағыз аш-жалаңаш жол қиындықтарына да қарамай, А. Затаевич қазақтың 1000 әнін жинап нотаға түсірген. 

Халықтық кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, олардың орындаушылық шеберліктерінің сырын ашып, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, т.б. шығармаларын алғаш рет Затаевич жарыққа шығарды. Сөйтіп, ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жайында қайталанбас деректер жазып қалдырды. Этнографтың “Қазақ халқының 1000 әні” (1-бас., 1925 ж., 2-бас., 1963 ж.), “Қазақтың 500 ән-күйі” (1931), “Песни разных народов” (1971), жарияланбаған “Қазақ музыкасының 3-томы” деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классик. ән, күйлерінің үлгілері мол орын алған. Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүние жүзіне тарады, бүкіл Еуропа елдеріне жетті, алдыңғы қатарлы өнер иелерінен жоғары баға алды. Мұнда қазақ музыкасының көптеген теориялық және тарихи мәселелерінің беті ашылды. Затаевичтің әрбір ән-күйге берген жеке талдауларының мәні зор. Халық композиторлары мен орындаушыларының шығарм-на берген мінездемелері де әлі өз бағасын жоғалтқан жоқ. Затаевич жинақтары қазақ халқының кәсіби музыкасының дамуына зор ықпал етті. Аталған жинақтардағы ән мен күйлер қазақтың кәсіби музыкалық жанрлары – опералық, симфониялық, камералық шығармаларында кеңінен пайдаланылды. Осы жинақтардағы ән-күйлерді қазақ композиторларымен бірге С.С. Прокофьев, Н.Я. Мясковский, М.М. Ипполитов-Иванов сынды орыс композиторлары да өз шығармаларында пайдаланды.

Композитордың қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.

 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by @life09kaz