1-сыныпқа құжат қабылдау 1 cәуірден басталады

Ашық дереккөз

Сәуірден бастап 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау басталмақ. Құжаттарды 1 сәуірден 1 тамызға дейін Еgov.kz электрондық үкімет порталы және e.Bilimal жүйесі арқылы электронды форматта тапсыруға болады.

Мектептер 1-сыныпқа 6 жастан және 2023 жылдың соңына дейін 6 жасқа толған балаларды қабылдайды. Қызмет көрсету аймағы мектептерде бекітілген. Сондай-ақ, мектеп тұрғылықты мекен-жайға сәйкес келмесе де барлық білім алушылар үшін қызмет қолжетімді болмақ. Гимназия мен лицейге қабылдау кезінде 15 маусымға дейін балалармен әңгімелесу жүргізіледі. Ал, мектепалды даярлық сыныбына қабылдау – 1 тамыздан басталады.

– Мұндай мерзімдер болашақ оқушылардың ата-аналары мектепті алдын ала анықтап, қажетті құжаттарды уақытында тапсырып, оқу құралдарын алу үшін бекітілді. Ал, мектеп әкімшілігі үшін сыныптарды алдын ала жинақтауға, оқулықтардың қажетті санын сатып алуға, сағаттарды мұғалімдер арасында бөліп, сыныптар санына байланысты педагогтер құрамын анықтауға мүмкіндік береді. 1-сыныпқа қабылдау үшін уақтылы өтініш беру өте маңызды, – деп жазба қалдырды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Facebook парақшасында.