Air Astana ұшағына найзағай түсіп, рейс бірнеше сағатқа шегерілген

Ашық дереккөз

Air Astana жолаушылар ұшағына найзағай түскенін мәлімдеді. Осыған байланысты рейсті кейінге шегеруге тура келді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.

Ресми мәліметке сәйкес, 8 тамызда "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы рейс кешкі сағат 19:45-те ұшып кетуге дайындалған. Сол кезде ұшаққа найзағай түскен.

Оған қоса, далада шаңды дауыл көтерілді. Осыған байланысты рейс 7 сағат 15 минут шегерілді. Осы уақыттың ішінде бортты ауыстыруға шешім қабылданды.

"Төтенше жағдайға байланысты әуе кемесі резервте тұрған бортқа ауыстырылды. Бұған дейін онымен FlyArystan КС 7058 "Алматы - Нұр-Султан - Алматы" бағытында жолаушылар тасымалдаған. Негізі, рейстің өзі 3 сағат 45 минутқа кейінге шегерілді. Бірақ Алматыдағы шаңды дауылдың салдарынан ол уақыт ұзартылды. Оған қоса, Нұр-Сұлтан әуежайы жабылды. Әуе кемесін жеткізуге де уақыт кетті. Осылайша, КС 855 рейсінің кешігу уақыты 7 сағат 15 минутты құрады", - делінген ресми хабарламада.

Рейсті күтіп қалған жолаушыларға тамақ пен сусын таратылды. Ал бизнес-класпен ұшқандарға 100 доллардың ваучеры берілді. Кейбір жолаушылар басқа рейстерге мінгізілді.