Американо кофесінің тарихы 

Ашық дереккөз

Американо кофесі әлемдегі ең танымал сусындардың бірі. Оның тарихы, қалай пайда болғаны өте қызық. Американо танымалдылық жағынан эсперссоға қарағанада артта қалады. Бірақ әлем бойынша миллиондаған тұтынушылары бар. Эспрессо американоның «тегі» болғанымен, екеуінің дәмі өзгеше. 

Американоның тарихы Екінші Дүниежүзілік Соғыстың аяқталу уақытынан басталады. Италияда Муссалини диктатурасы шегінгенімен, көптеген америкалық солдаттар ол жақта біраз уақытқа дейін өмір сүрді. Жергілікті кафе, барлар америкалық солдаттар мен офицерлерге толы болды. Олардың  кішкентай ғана ыдыспен берілетін эспрессоның көлеміне көңілдері толмайды. Бұл тығырықтан шығу үшін италиялық баристалар әдеттегі ащы кофеге қайнаған су қосты. Сәйкесінше бұл кофеге «американо» деп ат берді. 

Американдықтар да қажетті сусынды тезірек алу үшін бұл атауды жиі қолдана бастады. Өйткені басқа тілде айтып, түсіндіру оларға қиын соғатын. Әскерилер өз еліне қайтып келген соң бұл сусын АҚШ – та да кеңірек қолданыла бастады. Американо сусыны дәмінің ерекшелігіне қарай әрі дайындалуы да оңай болғандықтан тұтынушылар саны аз уақыттың ішінде көбейді. 

Бір айта кетерлігі, американоның тарихы әлі де аяқталмады. Ол үнемі өзгеріп тұрды. Қазіргі американо бір кездегі өзінің «шығу тегіне» ұқсамайды. Алғашында стандартты көлемдегі эспрессоға су құю арқылы дайындалатын.Сусынның көлемі 200 миллилитр, дәмі қанық емес, иісі бәсең болған. Бұл олқылықты түзеу мақсатында американоның көлемін 120 – 150 миллилитрге төмендетті. Қазіргі стандартты мөлшері де осы. 

Қазіргі уақытта американо дайындаудың ең қарапайым жолы  кофеқайнатқыш машина. Онымен американоның екі түрін дайындауға болады: италиялық түрі - эспрессо құйылған ыдысқа қайнаған су құю, швейцариялық түрі – эсперссо қайнаған суы бар ыдысқа құйылады. Қазір тағы бір Швециялық түрі танылып келе жатыр. Жергілікті кафеге келушілер өздері дайындап алады. Өздерімен қоса стандартты мөлшердегі эсперссо, қайнаған су және осыларды араластыратын үлкен кружка әкеледі. 

Міне осылай американо пайда болды. Сусын АҚШ елдерінде ғана емес, әлем бойынша таралып кетті. Нағыз американо үшін тамшы түріндегі кофемашина керек. Италиялық баристалар американоны әу баста осындай машинамен дайындаған. Кофеқайнатқыш машинаның дәп осы түрі Америка Құрама Штаттарында кофе мәдениетінің базасы болып есептеледі. Бұл машиналардың эспрессо – кофеқайнатқыш машинадан айырмашылығы қайнаған су ұсақталған кофемен қағаз фильтрде қосылады да, ыдысқа тамшылап құйылады. Сол үшін де «тамшы» машина деп аталады. Бұл машинада дайындалатын американоның дәмі қанық әрі ащылау болады.

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ