Аралардың отты «құшағы»   

Ашық дереккөз

Есек аралар Азия елдеріндегі асаның ең ірі түрі болып есептеледі. Оның адамдарға тигізер зияны жоқ. Алайда өздеріне қауіп төнгенін сезе қалса, шағу арқылы қорғанады. Ол 6 миллиметрдей бізгегімен бір рет қана емес, қатарынан бес ретке дейін шағады. Егер олардың ұясына тап болсаңыз, қандай қауіп төнетінін ойлай беріңіз. Оның үстіне есек араның уы басқа араларға қарағанда уытты, әрі қаттырақ ауыртады. Есек ара уы адамдарға аллергиялық реакция береді. Бұл араның шаққанынан Жапонияда жылына қырыққа жуық адам қайтыс болады.

Олар тәтті шарбаттармен, басқа жәндіктермен, бал арасымен тамақтанады. Жәндіктер мен бал араларын уымен емес, мықты жақтарымен – ақ шайнап өлтіре алады. Бастарын бөліп лақтырып тастап, денелерін жейді де, ұясындағы дернәсілдерін тамақтандыру үшін апарады.Әсіресе, бал араларын ұясына азық ретінде апарып береді әрі балымен қоректенгенді жақсы көреді. 

Бал арасы есек арадан қорғану үшін жылы температураны және көмірқышқыл газын қолданады. Омартаға келген есек араның барлаушысы алдымен омартаға кіріп, басқа есек араларын шақыру үшін феромонын қалдырып, «белгі салмақ» болады. Жолында кездескен арлардың басын бөліп тастайды. Бал аралары да өз шекарасын, ұрпағын қорғау мақсатында күреске түседі. Олар есек араға жабылып, «аралар шарын» құрайды. Есек ара болса, көп аралардан құралған шардың ортасында қап қояды. Осы уақытқа дейін есек арасы ол жердегі ыстық температураға шыдай алмай өледі делініп келді. Шардың ішіндегі температура 46 цельсий градусқа дейін көтеріледі, ал есек ара 47 градуста 10 минутқа дейін шыдай алады. Алайда кейіннен жоғары температурамен қоса, көмірқышқыл газының да әсері бар екені анықталды. Сондықтан «аралар шарының» ішіндегі есек ара 5 минуттың ішінде өледі. Бірақ аралар оның өлгеніне әбден көз жеткізбейінше 10 минутқа дейін жібермейді.

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ