Ашкөздік ашаршылықтан қалған белгі

Ашық дереккөз

Миннесоттық эксперимент егер адам өмірінде бір рет болсын аштық кезеңін бастан өткерсе, ол оның санасында өмір бойы қалып қоятынын дәлелдеді.

Біздің ата - әжелерімізден, аналарымыздан тағамдық қорды мол ғып жинап қоятынын байқаған боларсыз. Себебі ата - бабамыз бірнеше аштық жылдарын (1921 -22; 1932 -33 жж) бастан өткерді, соғыс жылдарында, одан кейінгі жылдар және Кеңес Үкіметінің құлау кезеңін қосыңыз. Тіпті аштықтан қорқу кейінгі ұрпаққа да генетикамен беріледі. Кез - келген аштық болуы мүмкін жағдайда адамдарға мейлінше мол қор жинап қою тыныштық сезімін сыйлайды. Карантин болған кезді есіңізге түсіріңіз. 

Аштықтың адамға қалай әсер ететіні жайлы Минесот штатында Ансель Кис эксперимент жасайды. 1944 жылы Миннеаполис қаласында өткізген «аштық» экспериментіне 36 жас ер адамдар қатысады.

 Ансель Кис Миннесот университетіндегі физиологиялық гигиена Лабораториясын басқарған. Бұл уақытта Еуропада аштықтан миллиондаған адам зардап шегіп жатқан, бірақ сол уақытта бұл мәселе жайлы ғылыми ақпараттың жоқтығынан соғыстан кейінгі аштықтың салдарымен күресе алатын дәрігерлер өте аз еді. Кис өзінің эксперименті халыққа үлкен пайда әкелетініне әскерилерді көндірді. Практикалық және оңалтудың тиімді әдістері арқылы тұрғындардың денсаулықтарын жақсартатынын әрі соғыстан кейінгі Еуропада демократия құратынын мәлімдеді.

Ансель Кистің зерттеуінің жоспары қарапайым: бірінші сыналушыларды аштыққа дейін жақындатып, кейін қалыпты тамақтану режиміне көшіру керек болды.

«Аштық» эксперименті бір жылға жоспарланды. Кис оны үш кезеңге бөлді: алғашқы үш ай - бақылау кезеңі (сыналушылар қалыпты тамақтану режимінде болды), қалған алты ай - аштық кезеңі, ақырғы үш ай - оңалту кезеңі.

Эксперименттің қатысушылары діни және этикалық себептермен әскери қызметке барғысы келмеген жас ер адамдар болды. Кис қатысушыларға сыйақы тағайындамаса да, эксперименттің өз қиыншылықтары барын біле тұра 400 - ден аса адамнан өтініш түсті, Кис түскен әр өтінімді жақсылап зерттеп, ішінен 36 ер адамды таңдап алды.

Сыналушылар Миннеаполиске 1944 жылы қарашада келді. Олар лабораториядағы жатақханаға ұқсас жатын орынында тұрды. Қасында кітапхана, кластар, демалу бөлмелері бар. Олар кір жуатын жерде, лабораторияны жинап әрі ас үйге көмектесіп аптасына 15 сағат жұмыс істеді. Сыналушылар эксперименттен кейін соғысқа гуманитарлық қызметке қосылу үшін 25 сағат шет тілі мен саяси дайындық сабақтарын өтті. Оларға аптасына 35 шақырым көшеде жай жүруге және жүгіру жолында жаттығу міндеттелді. Бұған қоса олар әртүрлі психологиялық және физиологиялық тесттерден өтті. Оларға математикадан, есте сақтау, есту қабілетінен тест тапсыру керек болды. Анализге қан, сілекей, дәрет, ми жұлынынан үлгілер тапсыру міндеттелді.

Алғашқы 3 айда олар 3500 калорий тұтынды. Әр қатысушы аптаның соңына дейін иделды салмаққа жету керек болды, салмағы артық болғандарына азайтылған рацион, ал салмағы аздары мол рационмен тамақтанды.

Кейінгі алты айда оларды тек екі мезгіл, 8:30 және 17:00 - де тамақтандырды. Орташа күндік калорийді 1500 ккал етті. Алғашқы аптадан - ақ эксперимент қатысушыларында ақыл - ой апатиясы байқала бастады. Бұрын олар саясат, романтикалық қарым - қатынас тақырыптарын қызу талқыласа, енді мүлде қызығушылықтары жоғалды. Оларды ең қызықтырғаны - тағам.  Кей еркектер кулинариялық журналдардан тәбет ашатын тағам суреттерін тамашалай отырып, жиі оқитынды шығарды, тіпті, бірі кейін ресторан ашуды армандаса, бірі өзін ауылшаруашылығына арнайтынын айтты.

Қатысушылар тамақ уақтылы берілмесе не кезекті көп күтіп қалса ашушаңдық пен агрессия көрсете бастады. Әдеттегі тамақ берілсе де олар әр қасықты тәбетпен жеді. Кейде тамақтың көлемін ұлғайтып, асқазанды алдау үшін тағамдарына су қосты. Кис оларға тамақтанатын екі мезгіл арасында сағыз, су, қара кофені шектеусіз тұтынуға рұқсат еткенде, күніне 40 қорап сағыз шайнап, 15 кесе кофе ішкендерін байқады.

24 жасар Франклин Уоткинс аштық кезеңін психологиялық түрде басқаларынан гөрі ауыр өткерді. Ол кәрі адамның етін жеп жатқан каннибализм әрекетіндегі мазасыз түстер көреді. Бір күні қалаға күзетшісіз шыққанда Франклин сүтті коктейль мен балмұздақ сатып ап, жеуін тоқтата алмаған. Кис бұл жағдай туралы біледі де, онымен жеке сөйлеседі. Әңгіме барысында Франклин өкіріп жылайды, кейін ашу қысады да, дәрігерді сосын өзін өлтіретінін мәлімдейді. Кис оны университеттің психиатр бөліміне жатқызады. Қалыпты тамақтану режимін енгізген соң, оның жағдайы жақсара бастайды. Дәл осы себеппен тағы бір ер адам эксперименттен шығарылады.

Бастапқы кезде барлығы 70 келі салмақта болған, енді олардың түрі қаңқаға ұқсап қалды. Дәрігер Кис олардың жүрек соғысы 55 - тен 35 - ке төмендегенін байқады. Калорий аздығынан ағза «энергия сақтау режиміне» көшті. Қанның көлемі 10% - ға түсті, жүрек көлемі де кішірейді. Суды көп ішкендіктен олардың беті, тізе, аяқтары ісе бастады. Сонымен қоса оларда бас айналу, бұлшық ет ауруы, координацияның төмендеуі, құлақтың шулауы және қан тамырлары тарылғаннан көз алмалары әдеттегіден ағарып кеткені секілді белгілер байқалды.

Өздерінің денелері қатты  физиологиялық өзгеріске ұшырағанына қарамастан олар өздерін қалыпты жағдайда деп есептеді. Керісінше, оларға басқалары толық болып көрінді. Бұлай ойлау анорексиямен ауыратын адамдарға тән.

Уақыт өте келе олар қолындағы заттарды құлатып ала беретін епсізге айналды, өз аяқтарына шалынып әрең жүрді. Қан аздықтан тоңа беретінді шығарды. Жазда да сырт киім киіп жүрді. Ыстыққа деген сезімталдық төмендеп, өте ыстық заттарды оңай ұстай берді және тамақты ыстық қып берулерін өтінді.

Лабораторияда еуропадағы соғыс жағдайындағыдай топырақ, шөп, жапырақ жемей, стерильді тағамдар тұтынғандықтан диарея, метеоризм, асқазан түйілуі сияқты аурулар болмады. Олар киім, аяқ киімсіз, суықта сыналмады. Онда сені кез - келген уақытта өлтіріп кететін, үнемі біреу зорлап, қорлап, сал ғып сабап кететін қорқыныш жағдайы жасалмады. Кис қатысушыларға көршілердің өлімін, көшедегі өлекселер, адами қасиеттердің жоғалуы сияқты жағдай жасамады. Олар бұның бір күні аяқталатынын біліп жүрді.  Соған қарамастан қатысушылардың жандары мен ақыл - ойлары өзгеріске ұшырағанын байқады. Бастапқыда у - шу болып жататын компания енді көңілсіз, жоспар құра алмайтын, шешім шығаруға қауқарсыз, апатиялық жағдайда болды. Шыдамдылық пен төзімділікті ұмытып, ашушаңдық пен эмоцияға берілуге жақын болды. Кейбірі тамаққа аш иттер сияқты анталап, бәрін бірден жесе, біреулер сәтті ұзарту үшін асықпай тамақтанды.

«Аштық» эксперименті 1945 жылы 20 - қазанда аяқталды. Енді оларға еш шектеу қойылмады.  Кис кейбіріне «шектеусіз оңалту кезеңін» зерттеуді жалғастыру үшін тағы да лабораторияда қалуларын өтінді. Ол ер адамдардың күніне 5000 - 10000 калорий тұтынғандарын байқады. Бірнеше ай бойы олар қанша тамақтанса да, аштық сезімін жоя алмағандықтарын айтқан. Эксперимент аяқталғаннан кейін ондаған жылдар өтсе де қатысушылар тағамға қатысты психологиялық, физиологиялық мәселелерді бастан кешірді.

 

Ақерке Аянқызы