Балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған балалардың жағдайы белгілі болды

Ашық дереккөз

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған балалардың қазіргі жағдайын айтып берді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

«Қазіргі уақытта бес бала емделіп жатыр. Негізгі диагноз – улы затпен улану бойынша барлық бала сауықты. Балалар оңалту бөлімінде жатыр. Олар 21 күн бойы оңалту курсын алады. Оқиға себебін анықтау бойынша тергеу органдары, оның ішінде прокуратура әлі де тексеру жүргізуде. Тексеру аяқталған жоқ», - деді Денсаулық сақтау министрі Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, медициналық-әлеуметтік орталық қызметкерлері жұмысқа қайта оралған.

«Олар тергеуге шақырылды, сондықтан жұмысы уақытша тоқтатылған еді. Қазір жұмыстарына қайта оралды», - деді Ажар Ғиният.

Айта кетейік, Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелген еді. Салдарынан бір бала қайтыс болып, 6-уы уланды.