«Испандық ұят» немесе «өзім ұялып барамын» сөзі

Ашық дереккөз

Біз кейде өзгелердің әрекеті үшін ұяламыз. Олардың бізге еш қатысы болмаса да неге басқаның бейәдеп, өзгеше, біртүрлі әрекетінен біздің бетіміз қызарады? Басқаның әрекеті үшін кінә сезіну, ұялу - «испандық ұят» деп аталады.

Испандықтардың «vergüenza ajena» сөзі «басқа үшін ұялу» деген мағынаны білдіреді. Адам басқа біреудің ыңғайсыз жағдайға тап болғанына куә болғанда қызарып, көзін тайдырып әкетеді, әлеуметтік мазасыздық сезінетіндердің жүрегі тез соғып, тітіркену, жүрек айну сезімдері болады.

Бұл ұят туа бітті пайда болмайды, өсе келе қоғамнан, баланың басқалармен, үлкендермен қарым - қатынас нәтижесінде туады. Бұл сезімдер әдетте әлеуметтік нормалар мен шектеулер қоюдың нәтижесінде болады. Адам ыңғайсыз жағдайға түскен адамды әлеуметтік норманы бұзды деп есептейді де, оны өзіне проекциялап, өзін сол іске қатысы бардай сезініп, ұяла бастайды.

Германия мен Англиядан келген ғалымдар тобы басқалар үшін ұялу кезіндегі реакцияларды біліп, зерттеу үшін 480 әйел адам мен 139 ер адам қатысқан эксперимент жүргізді. Ғалымдар психологиялық тұрғыдан сау 32 қатысушыға МРТ сканерін жасады. Оларға басқалар тап болған ыңғайсыз жағдайлар көрсетіледі. Нәтижесінде адамдарда мидың ауырсынумен байланысты  алдыңғы сингулярлық кортекс және алдыңғы сол жақ инсула аймақтарында белсенділіктің жоғарылағаны анықталды. Осылайша, зерттеушілер физикалық ауырсыну сезіміне жауапты аймақтар да жанашырлық немесе эмпатия процесіне қатысатынын көрсетті.

Өзге үшін ұялудың эмпатия, яғни өзгеге жанашырлықтан бөлек басқа да бірнеше себептері бар.

Эгоцентризм

Мәселен, адамға әріптестері алдында өзінің серіктесі не досы үшін ұялу. Оған досы осылай өзінің құндылығы төмен сөзі, ісі арқылы оның абыройын түсіріп жатқандай көрінеді.

Гипержауапкершілік

Гипержауапкершілік - көбіне тікелей өзіне қатысы жоқ міндеттемелерді қабылдауға бейім болады. Басқа адамдардың сәтсіздіктері өзінікі сияқты көрінеді.

Оның үстіне біз өзімізге көп тыйым саламыз, себебі, ыңғайсыз немесе ақымақ болып көрінуден қорқамыз. Ішкі тыйымның құдіреті сонша, біз не болып жатқанын қараудан да қашамыз. Бұл да өзімізді қалай бармыз, солай бар кемшіліктерімізбен қабылдамайтындығымыздың белгісі.

Біз бұл ішкі тыйымдар мен көзқарастарды өмір бойы игереміз. Иә, ұяттың өзі туа біткен сезім емес: біз үш-жеті жаста ұялуды «үйренеміз», осылайша басқалардың сынына жауап береміз. Біртіндеп, белгілі бір сыртқы оқиғаларға реакциядан ұят ішкі күйге айналуы мүмкін.

Ғалымдар бұны «испандық ұят» деп атапты. Ал біздің қазақта өзге үшін ұялған жағдайды сипаттайтын бір сөз бар. Ол «өзім ұялып барамын» деген сөз.

 

Ақерке Аянқызы