Қарағанды мұражайында "Бақыт мейрамы – Наурыз" көрмесі ашылады

Ашық дереккөз

Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында 26 наурызға дейін "Бақыт мейрамы – Наурыз" көрмесі өтеді.

Экспозицияда 100-ден астам жәдігер қойылады.

– Көрмеге тоқыма, кесте, киіз басу, аппликация, соғу, құю және т. б. әдістермен жасалған бұйымдар қойылған. Жұмыстардың 60 пайызы Сарыарқа шеберлеріне тиесілі болады, – дейді мұражайдың бас сақтаушысы, көрме кураторы Дәмелі Қадырқұлова.

– Бізде бейнелеу өнері мұражайы болғандықтан, Наурыз тақырыбында да картиналар болады. Мысалы, Теміртау суретшісі Қуат Асқаровтың суреті. Сондай-ақ, тек ағашпен айналысатын жергілікті қолөнерші Людмила Косованың жұмысын атап өтуге болады. Ол бізге тостаған мен шөміштен құралған қымыз жиынтығын және "Алтын торсық" композициясын сыйға тартты.

Көрме 16 наурызда 45-ші гимназияның бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен ашылады.

Халықтық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер де көрсетіледі. Көрме барлық жастағы келушілер үшін қолайлы.

Барлық мереке күндері біздің гидтер жұмыс істейді. Сонымен, қарағандылықтар мен қала қонақтарын мұражайға шақырамыз.

Сондай-ақ Наурыз мейрамына арналған мұражай сабақтары өтеді. Оларға 47-91-85, 47-54-75 телефондары арқылы жазылуға болады.