Қарағандылық тұрғын жаралы аққуды құтқарды

Ашық дереккөз

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ақбел ауылының тұрғыны Дәукен Тайғожин жараланған аққуды құтқарды. Қанаты сынуына байланысты бұл құс Қорғанкөл көлінде қатып қала жаздаған, деп хабарлайды LIFE09 ҚазАқапартқа сілтеме жасап.

Ақбел ауылының тұрғындары су айдынындағы аққуды екі апта бұрын байқаған. Ол ұшуға тырысқанымен онысынан ештеңе шықпады.

«Біз көлде жүзіп жүрген аққуды көрдік, бірақ жақындай алмадық: ол бізден үркіді. Ал мұз әлі соншалықты қатпаған еді. Алайда бірер күн бұрын құстың өзі жағаға шығып, тіпті ауылға жақындады. Біз оның көмекке мұқтаж екенін түсіндік. Оны менің бақшама айдап, тауықтарым тұратын сарайға орналастырдым. Қазір аққу бізге үйреніп келеді, ширай бастады. Жемді жақсы жейді, су ішеді. Бірақ ол енді ұша алмайтын тәрізді», – дейді Дәукен.

Аққуды көруге Дәукеннің ауласына ауыл балалары ғана емес, ересектер де келеді екен. Ол құстың ауылдың нағыз жұлдызына айналғанын атап өтті.

«Жұбайым қалжындап, аққуды Жұлдыз деп атау керек дейді. Біз оған үйреніп қалдық. Оған қамқорлық жасауға, уақытылы жем, су беруге дайынбыз. Бұл өте әдемі құс. Бала кезімізден бізге аққулардың киелі кұс екенін айтып, оларды қорғау керек деп үйретті», – дейді ауыл тұрғыны.

Ақбел ауылдық округінің әкімдігі аққу туралы ақпаратты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына бергенін хабарлады.

Жақын арада ол жаңа мекенге көшірілуі мүмкін.