Ливияда су тасқынынан кейінгі лас судан балалар жаппай уланып жатыр

Ашық дереккөз

Ливияда су тасқынынан туындаған судың ластануы салдарынан кем дегенде 150 бала уланып қалды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, бұл туралы Ливия ұлттық бірлігі үкіметінің қоршаған ортаны қорғау министрі Ибрагим Мунир мәлім етті.

«Су деңгейі көтерілгеннен кейін Дерна қаласындағы құдықтарға ластанды», - деді ол. Лас судан уланған балалар саны 150-ге жетті», - деді министр.

Оның айтуынша, билік зардап шеккен аудандардың тұрғындарын құдықтағы суды ішпеуге шақырған.

«Дернадағы апат бұрын-соңды болмаған және ахуалды реттеуге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Біз әлем елдерін жедел түрде көмек көрсетуге шақырамыз», - деген министр күш-жігерді ауыз су мен көлікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыру керек екенін мәлімдеді.

Денсаулық сақтау органдары Дернада аурудың таралуын болдырмас үшін дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр.

БҰҰ мәліметі бойынша 10 мыңнан астам із-түзсіз жоғалып кеткен, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ұлттық бірлік үкіметі Дернадағы су тасқынынан 3,252 адам қаза тапқанын айтса, БҰҰ-ның елдегі кеңсесі қаза тапқандар саны 11,300-ден асқанын мәлімдеді.