Михаил Козачков: Түрмеде маған қастандық жасалуы мүмкін...

https://ru.qaz365.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2023/01/13/63c0eb8bcf334577485311.jpeg

Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы бар деген күдікпен ұсталған журналист Михаил Козачковтың хаты Dalainside телеграм арнасында жарияланды.

Өз хатында Михаил қазіргі таңда  Өскемендегі № 17 түзеу колониясында отырғанын, мұндағы изолятор елдегі ең үлкен түзеу мекемесі екенін, әзір мұнда 1500 сотталушы жазасын өтеп жатқанын баяндайды. Сондай-ақ, түрмедегі өзара байланысу тілі қазақ тілі екендігін, өзінің бастапқыда қиналғанын, қазір мемлекеттік тілді үйрену мақсатында күш салып жатқанын жазған.

Жер домалақ демекші, баяғыда журналистің қаламының ұшына ілігіп, телеграм арнасында кейіпкер болған біраз шенді-шекпенді дөкейлермен түрмеде кездесіп үлгергенін де жазған.

"Бұл арада "ескі таныстарды" да кездестіріп жатырмыз. Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаевпен ұшырасып қалдық. "Қорғас ісінің"  басты куәгері Талғат Махатов пен Қаңтар оқиғасын ушықтырды деп күдіктелген, Садақ ату федерациясының төрағасы Азамат Оспанов та осында екен. 

Менің осында екенімді біліп, дұғай-дұғай сәлем жолдапты. Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне кінәлі Мұратхан Тоқмади мені көре сала аузынан ақ көбігі ақтарылды. Мені танып жатқандардың қатары көбейіп келеді. Бұл жайт менің заңгерлерімді алаңдатып отыр", – дейді түрмеде өзіне қастандық жасалуы мүмкін екенін меңзеген журналист. 

Ата-бабамыздан қалған "Тек жүрсең тоқ жүресің" деген нақыл сөз осындайда ойға орала кеткені...