Наурыз мейрамын дүркіретіп атап өтті

Ашық дереккөз

22 наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелу күні. Қытымыр аяз бен қара суықтың орнына көктемгі жайма-шуақ ауа райы орнап, мыңдаған шақырымды еңсерген құстар аяулы ұяларына қайтып оралатын, тіршілік атаулы жанданып, мұз құрсауында қалған өзен-көлдер еріп, қуаттана түсетін осынау берекелі маусым - түркі халықтарының ғасырлар бойы тойлап келе жатқан басты қуанышы - Наурыз мейрамы.

Дәстүрлі түрде, Күн мейрамдары таңды қарсы алу мен Күнмен құшақ жая сәлемдесу жоралғыларымен сабақтасады. Адам таза қонысы мен таза тәніне Жаңа Күнді кіргізіп, жаңа өмірге жол ашады. Күн мен Түн теңескен шақта дүниеде бар жарық пен жақсылықтың күш-қуаты тасып, барлығы қайта жанданады деседі.

Қазақ халқы, басқа да түркі халықтары секілді, Наурызды өзгерістер өзегі деп түсінген. Мейрамның қамын қамдау бірнеше апта бұрын қолға алынатын: барлығы ең өңді киім-кешегін дайындап, үй-жайын жақсартып, аула-қорасын реттеген. Әз Наурыз келген күннен қалың бұқара жиналып, ән шырқап, би билеп, мол дастархан жайылып, шат-шадыман той тойланған. Алғыр ақындардың айтысы, дала баласының күші мен айласы сарапқа салынған қазақша күрес алаңы, ақыл-сана сыналатын тоғызқұмалақ ойыны, тұлпарлардың бағы мен бабын байқатар бәйге (5-15 шақырымға созылатын ат жарысы) тойдың сәнін келтіріп, мәнін еселей түскен.

Наурызға жайылған дастархан да молшылығымен ерекшеленетін. Астан бұрын және кейін аруақтардың жанына медеу болар деген ниетпен дұға бағышталған. 7 түрлі дәмнен әзірленген наурыз көже – мерекелік дастарханның міндетті де басты тағамы ретінде ұсынылатын.

Осы ретте Қарағанды облысы бойынша және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД  №35 мекемесінің жеке құрамы  7 тағамнан әзірленген Наурыз-көжесін дайындап қазқтың басты ұлттық тағамы ет асып және қазақтың ұлттық ойындарын ойнап жарысып Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын дүркіретіп ұлықтап атап өтті.