Поштамен келген балалар

Ашық дереккөз

1913 жылдың 1 – қаңтарында АҚШ – та біріккен пошта қызметі іске қосылды. Бұған дейін жеткізу қызметін жекеленген фирмалар жасайтын әрі онда кей заттарды тасымалдауға шектеу қойылған. Енді американдықтар барлық жерге не қаласа да жібере алатын болды. Бірақ ұйымдастырушылар бір нәрсені ескермеді. Кей адамдар пошта арқылы өз балаларын жібере бастады.

«Пошта заңы» бойынша хаттан бастап, азық – түлік, жиһазға дейін жіберуге болатыны елдің экономикасын да өсірді. Пошта арқылы (50фунт) 22,68 кг – ға дейін жанды нәрселерді де тасымалдауға рұқсат етілді. Ауылдық тұрғындар солай тауық, үйректер жіберіп отырды. Енді кейбірі тіпті баланы да пошта арқылы салып жіберетін болды.  

1913 жылы қаңтар айында Биглдер сәлемдеме жіберді. Оның ақысы 15 центке шықты және 50 долларға сақтандырылды. Жіберген «заты» өздерінің 8 айлық кішкентай ұлдары. Бигл мырза мен ханымға баласын әжесіне өздері апарғаннан гөрі поштамен беріп жіберу арзанға түскендіктен солай жасаған. Формалды түрде бәрі заңды, себебі баланың салмағы белгіленген салмақтан асып тұрған жоқ. Бұл оқиға New York Times газетіне басылып шықты.

Ауылдық жердің тұрғындары балаларын ата – әжесіне пошта дорбасымен жібереді. Кейін ата – әжесі тура солай баланы үйіне қайтарады. Тарихшылардың пайымдауынша пошташылар үйіне күнде кіріп – шығып жүрген соң тұрғындар оларға қатты сенген.

1914 жылы 19 – ақпанда поштамен бала жіберуге байланысты ең шулы оқиға болды. 5 жасар Шарлотта Мэй Персторфті (118км) 73 миль қашықтықта тұратын әжесіне жібереді. «Сәлемдеме» тауық тарифіне сай ата – анасына 53 центке түсті. Сонша алыс жерге жіберілген кішкентай қыздың оқиғасы бәріне танылғаны сонша, ол жайлы «Mailing May» атты кітап шықты.  

Мэйді «сәлемдеме» ретінде жібергеннен кейін1914 жылы АҚШ бас пошташысы ресми түрде пошта арқылы бала тасымалдауға болмайтынын жария етті. Соған қарамастан ата – аналар ұзақ жолға балаларын поштамен жіберулерін қоймады. 1915 жылы АҚШ – та балаларды поштамен жіберуге қатаң тиым салынды.

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ