Ресейге әскери шлемдерді заңсыз әкетпек болған күдікті ұсталды

ашық дереккөз

«Қайрақ» автомобиль өткізу пункті арқылы Ресейге әскери шлемдер мен тактикалық рюкзактарды алып өтпек болған көлік жүргізушісі ұсталды. Бұл туралы Қостанай облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Қостанай облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті мен ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен әрекетімен «Газель» маркалы көліктің жүк бөлігінен әскери шлемдер мен тактикалық рюкзактар табылды. Тасымалдау мұқаба тауарларын қолдана отырып жүзеге асырылған. Тауарларға ілеспе құжаттамада тауарлар туралы мәліметтер жоқ. Жүгі бар көлік өткізу пунктінің аумағында болады. Тауарлардың шығу тегін және әкетуге қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша шаралар қабылданады», - деп мәлім етті құзырлы органның баспасөз қызметінен.

Департамент дерегінше, мән-жайлар анықталған соң, бұл әрекетке қатысы бар адамдар жауапқа тартылып, жүк мемлекет пайдасына тәркіленеді.