Ас үй құралдарының ішінде таралуы бойынша екінші орында - тағамға арналған таяқшалар

Ашық дереккөз

Ас үй құралдарының ішінде таралуы бойынша екінші орында - тағамға арналған таяқшалар екен

Алғашқы таяқшаларды үш мың жыл бұрын Қытайда ойлап тапқан.  Қазіргі уақытта Қытайда бұл ас үй құралына арналған мұражай бар. Аңыз бойынша мифтік тақсыр Юй қайнап жатқан сорпадан ет алу үшін ағаштан екі бұтақ сындырып алған деседі. Бүгінде Қытаймен қоса, Корей, Жапон, Вьетнам, Тайланд елдерінде кеңінен қолданылады. Барлық құралдар көлемі, пішіні, өлшемі жағынан әртүрлі.

Тағамды таяқшамен жеудің философиялық тұжырымы бар: Конфуций пышақты өлтіру құралы деп санады, ал үстел үстінде  пышақ жатуы дәмді тағаммен рақаттана тамақтану кезінде бөгет болады деп есептеген.

Барлық Азия елдеріне мереке кездерінде дастарқанда ұзақ отыру қалыптасқан. Ал таяқшалар осы ләззатты соза түсу үшін көмектеседі: таяқшамен алынған тағам мөлшері шанышқы мен қасыққа қарағанда кішірек. Таяқшалар күріш, кеспе тағамдарын жеу үшін өте қолайлы. Тағамның түсі, иісі, дәмі ең негізгі қасиеттері, тағамды артық жемей, тағамды осы қасиеттерден ләззат ала отырып тұтыну керек. Расымен де азиаттықтардың көбі артық салмақтан зардап шекпейді.

Адам таяқшаны пайдаланғанда қол түгелдей қатысады екен. 30- дан астам буындар мен бұлшықеттер қозғалыста болады. Бұл ұсақ маториканы дамытып, мидың дамуына да оңынан әсер етеді. Сондықтан Азияда балаларға таяқшамен тамақтануды ерте жастан үйрете бастайды.

Ертеде императорлар күміс таяқшалар пайдаланған. Егер тағамда у болса, күміс қараяды, солай у бар - жоғын білетін болған. Қазір таяқша жасау үшін бамбук көп қолданылатындықтан бамбук алқаптары кішірейіп жатыр. Ал ол экологиялық проблемаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан Қытай үкіметі бір рет қолданылатын таяқшаларын сатуға 5% салық қойды.