«Әйелді күң етеді күте алмаған»

Ашық дереккөз

Африка елдеріндегі салт - дәстүр ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Сондықтан ең жұмбақ болып есептелетін құрлықтың заманауи тұрғындары әлі де ата – бабадан қалған дәстүрді ұстанады. Кениялықтардың басқалар үшін біртүрлі болып көрінетін үйлену жоралғылары бар. 

Ол  әйел киімін кию. Үйленген соң ер адам бір ай бойы әйел киімімен жүреді. Осы аралықта әйел күйеуінен кез – келген тілегін сұрай алады. Бұл дәстүр ер адамның әйелге деген құрметін білдіреді. Еркек әйел киімін киіп, соның кейпіне енгенде бірақ әйел болу қандай қиын екенін өмір бойына есте сақтайды. Ырым кезінде өз әйелінің көйлегін кию міндетті емес, анасының да көйлегін кие алады. Ең бастысы әйел киімін киіп, ғашығының бар тілегін орындау.

Сондықтан кениялық күйеулер көп жағдайда әйеліне шағым айтпайды, керісінше, оны қолдап отырады. Алғаш танысқан сәттен олар болашақ жарына өте жауапты қарайды. Қыздар да ешқашан зұлым, салқынқанды адамды таңдап, онымен бірге өмір сүрмейді. Кенияда қаржылық жағдай төмендеу болса да, ер адамдар әйелге еш себепсіз сыйлықтар жасап көңіл бөліп тұрады.Себебі әйеліне құрмет көрсетпеген, көңіл бөлмеген адамадардың тайпада сыйы болмайды. Үйдегі келіспеушіліктерді бейбіт түрде шешуге тырысады. Онда барлығы бір – бірінің көз алдында, сондықтан үйдегі ұрысты сыртқа білдірмейді. 

Заманауи өмірден артта қалып қойған, жабайы деп қарайтын елдің көрегендігі. Ер адамдар әйел әрі ана болу, үй шаруасы, үйдегі адамдарға қарап, жағдайларын жасау қандай қиын екендігін біле бермейді. Заманауи, дамыған елдердің көбісінде үй шаруасы тек әйел адамдікі деп қарау артта қалған. Екеуі де теңдей үй шаруаларын атқарады. Бірақ қаншалықты заманауи болса да, көп елдер мұндай деңгейге әлі де жетпеген. 

Психологтардың айтуынша әйел адамның иығына бар тірлікті артып қойып, күйеуі тек теледидар көріп, ойын ойнаған үйде ерте ме, кеш пе түсініспеушіліктер болады. Мұндай асыра сілтеушілік пен өзіне тек үй шаруасын жасайтын қызметші сияқты қарауға өзін сыйлайтын әйел ешқашан рұқсат етпейді. Үйленген соң ер адам мен әйелі серіктес бола алулары шарт. Мұндай қарым – қатынас отбасында болатын кикілжіңдердің азаюына, жұбайлардың бір – бірімен жақсырақ түсінісуіне жол ашады.

Біздің елде көбіне әйел адамға тек үй жұмысын жасаушы ретінде қарайды. Әрі оны дінмен байланыстырып қояды. Алайда Пайғамбарымыздың өзі жұбайына аса сыйластықпен қараған. Үйдегі кей шаруаларды өзі жасай салған. Түймесін де өзі қадаған. Сондықтан дінді өздері үшін ыңғайлы етіп бұрмалаған орынсыз.

 

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ