40 жыл жөндеу көрмеген аула қашан абаттандырылады ?

ашық дереккөз

Қарағанды қаласындағы Камали Дүйсенбеков көшесінде орналасқан 67 үйдің ауласы 40 жылға жуық жөндеу көрмепті. Аула кең болғанымен, балалар ойнайтын алаңның жағдайы адам шошырлықтай. Кеңестік кезеңде орнатылған ескі әткеншектер шіріп, балалардың өміріне қауіп төндіруде дейді тұрғындар. LIFE09 тілшісі аталған үй тұрғындарымен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтап қайтты.    

«Қаланың орталығында тұрсақта ауламыз мүлде абаттандырылмаған. Ойын алаңы өте ескі. Әткеншектер шіріп, құлағалы тұр. Немерелеріміз сан рет құлап, жарақат алған. Әкімдікке жыл сайын шағымданамыз. Бірақ, олар уәде берумен ғана шектеледі. КСК аулаға жауап бермейміз дейді. Кім жауапты сонда?»,- дейді қала тұрғыны Нәсіпжамал ҒАСЫЛБЕКОВА.

Жыл сайын әкімдікке арызданудан шаршаған тұрғындар қалалық қоғамдық кеңес пен мәслихат хатшысына да арнайы жүгінген екен. Тұрғындар шағымынан кейін, кездесуге келген халық қалаулысы Құдайберген Бексұлтанов аталған мәселені шешіп беруге уәде берді.

«Ауланың жағдайын көріп тұрмыз. Қоғадық кеңес пен қалалық мәслихат депутаттары бұл мәселені көтеріп, қаржы бөлгізуге дайын. Келер жылы жоспарға кіргіземіз. Биыл қаржы бөлінсе де, қысқа дейін жасап үлгөрмейді. Сондықтан сәл күту керек. Бұл мәселе біздің жіті назарымызда болады», дейді Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген БЕКСҰЛТАН.

Мәселесі көп аула тұрғындарымен кездесуге Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары да келді. Әкімнің орынбасары айналшықтамай, ауланың биыл жөнделмейтінін ашып айтты. Бірақ, келер жылғы жоспарға кіргізуге уәде берді.

«Бірден айтайын, биыл бұл аула жөнделмейді. Себебі жыл басында жоспарға кірген жоқ. Келер жылы қаржы қарастырамыз. Биыл ұсақ жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз», деп сендірді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Мадияр ЖАҒАЛБАЙЛЫ.

Даулы мәселенің толық шешімі келер жылға қалды. Мәміле бойынша, биыл тек ұсақ жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орындықтар қойылады. Халық қалаулысы мен әкімшіліктің уәдесін алған тұрғындар «тағы бір жыл күтуге дайынбыз, тек айтқан сөз сол жерде қалмаса екен» дейді.