Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды

ашық дереккөз

Астанада Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айыпталушы сотқа онлайн режимде қатысып отыр. Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 195-бабы (Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру) және 189-бабы ( Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айыпталуда.

Отырыстың басында айыпталушы Сатыбалды бейнебайланыс арқылы туған-туыстарымен сөйлесті. Камераға түспеуге де кеңес берді.

"Сендерде камерада отырудың қажеті жоқ. Былай қойып, қырынан бәрін қарап отырсаңдар болады", - деді ол.

Осыдан кейін бір тілші:"Сіз қарыздың бір бөлігін қайтардыңыз ғой. Қазір не үшін айыптап жатыр?", - деп сұрады.

Айыпталушы сот аяқталмайынша түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.

"Әлі сот біткен жоқ. Кешіріңіз, мен қазір ештеңе айта алмаймын", - деп атап көрсетті айыпталушы.

Айта кетері, биыл 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын хабарлады.

Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны айтылған еді.

24 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ және "Көлік сервисі орталығы" АҚ-ның қаржысын ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Қайрат Сатыбалды – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталып жатыр.

Тергеу кезінде айыпталушылардың 240 миллиард теңгеден (500 миллион доллар) астам заңсыз активтері мен қаржысы мемлекетке қайтарылған болатын.

Сотталушының адвокаты қорғауындағы азамат өз кінәсін мойындап, 12 миллиард теңге шығынды өтегенін және жазаның жеңілдетілуіне үмітті екенін айтты.