Қарағанды ана өлімі көрсеткіші жоғары өңірлер қатарында

Ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы бала мен ана өлімі көрсеткіші жоғары аймақтарды атады, - деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.

Министрдің айтуынша, бала өлімі көрсеткіші 1000 тірі туған бала санына шаққанда 8,3 болған.

"Бала өлімінің ең жоғары көрсеткіші Шымкент қаласы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында. 60 пайызында шала туған нәрестелер шетінеп кеткен", - деді министр үкімет отырысында.

Сонымен қатар, ол Павлодар, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында ана өлімі көрсеткіші жоғары екені байқалатынын атап өтті.

"Себептер құрылымында акушерлік асқынулар - 70 пайыз, соматикалық аурулар - 30 пайыз", - деді ол.

Сонымен қатар, Ғиният медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында медициналық кадрларды даярлауға арналған резидентура гранттарының саны 1500-ге дейін ұлғайтылғанын атап өтті.