Мальдив аралдары жайлы қызықты деректер

Ашық дереккөз

Мальдив аралына баруды армандамайтын адам жоқ шығар. Оның аумағының 99,9% - ы судан, тек 0,01% - ы ғана құрғақ жерден тұрады. Мальдивы атауы Үнді тілінен аударғанда «mahal» - сарай, «diva» - арал деген мағынаны білдіреді.

Қазіргі уақытта аталмыш аралға келетін саяхатшылар саны өте көп. Әсіресе, жас жұбайлар бал айын өткізуге осы аралға келеді. Бір қызығы, бұл елде туризм саласының дамығанына 50 жыл ғана болыпты. Алғашқы курорт тек 1972 жылы ғана ашылған. 1960 жылдары БҰҰ - нан барған арнайы комиссия бұл жер туризмді дамытуға сай емес деп үкім шығарып кеткен екен. 

Бүкіл елде бір-ақ қала бар. Ол осы елдің астанасы  Мале қаласы. Мале қаласы ең кішкентай астана деген дерекпен әлем рекордына енген. Қаланың аумағы 6 шаршы метрді құрайды. Тұрғындар саны 150000. Мале қаласының ең көрікті жері Президент сарайына қарама – қарсы орналасқан – Ұлы Жұмы мешіті. 

Тағы бір рекордтардың бірі: мальдивиялық аэропорт. Ол тегіс бір аралда орналасқан. Мале қаласынан 2 шақырым жерде жатқан арал арнайы осы мақсатта пайдаланылған. Аралдың ұзындығыұшу – қону жолақтарының ұзындығын алып жатыр, яғни аумағы кішкентай.

Мальдив аралы ресми түрде әлемдегі ең жазық жер болып табылады. Онда биік таулар жоқ. Елде зәулім үйлер салуға тиым салған. Аралда өсетін пальма ағаштарынан биік болмауы керек. 

Бұл аралда өзен, көлдер жоқ. Сондықтан жергілікті тұрғындар жауын кезінде жаңбыр суын жинап алады. Адамдары жаңбырдың және теңіздің тұщыландырылған суын ішеді. 

Мұсылман елдерінің ішіндегі ең кішкентай мұсылман мемлекеті болып есептеледі. Алғашқы кезде арал тұрғындары буддисттер болған. Бірақ 800 жылдан астам уақыттан бері мұсылмандар мекен етеді.

Олар дінге өте берік. Егер тұрғындардың бірі дінін ауыстырғысы келсе, мальдив елінің азаматтығынан айырылады.

Аралда сіз бірде – бір ит кездестірмейсіз. Ит те шошқа сияқты лас жануар болып есептелетіндіктен оларды ұстауға рұқсат етілмейді.

Сіз бұл жерде теңіздегі ең үлкен балық – китті акуламен бірге жүзе аласыз. Ол планктондармен қоректенеді. Адамдарға еш зияны жоқ.

Егер жәндіктерден қорқатын болсаңыз, еш уайымдамасаңыз болады. Бұл жерде адам денсаулығына зиян келтіретін жәндіктер жоқ.

Демалыс күндері – жұма және сенбі. Бұл күндері дүкендер, басқа да орталықтар жұмыс істемеуі мүмкін. Жексенбі - жұмыс күні.

Алайда аралда кокос ағаштарынан абайлау керек. Себебі, кокос орехы құлауы мүмкін. Ол ауыр әрі тым биіктен құлағандықтан өлімге дейін әкеледі. Жалпы жер бетінде жылына кокос жаңғағының құлауынан 150 - ге жуық адам қайтыс болады екен. Бұл дегеніміз акула шабуылынан 30 есе көп. Сондықтан кокос пальмаларының астында күн тасалап жату, отыру қауіпті.

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ