Жас баланы ит талады

Ашық дереккөз

Жуырда Қарқаралы ауданына қарасты Бүркітті ауылында бірінші сынып оқушысын ит талап, өлтіріп қоя жаздады. Оқиғаның үстінен түсіп, балаға көмекке ұмтылған Динара есімді көршісіне де тіс батырып, жарақаттады. Жанұшырған әйел әйтеуір, әупірімдеп жүріп баланы да, өзін де қабаған иттің шеңгелінен құтқарған. Баласын ажалдан құтқарған жанға сәбидің анасы Назгүл мың алғыс айтады.

Бала Қарқаралы аудандық ауруханасына дер кезінде жеткізіліп, ем жасалған, қазірде ауылдағы дәрігерлердің қарамағында. Олар кезектесе келіп көмек көрсетуде. Оқиғаға байланысты полицияның учаскелік уәкілі іс қозғап, шара қолданған. Иттің иесі сырқаттанып, Қарағанды қаласында ауруханада жатыр екен. Ауылдағы оқиғаға орай өкініш білдірген олардың келісімімен ветеринарлар арқылы қандыауыз иттің көзі жойылған.

Бұл – бір ғана мысал. Ал, ауыл көшелерінде не көп, қаңғыбас ит көп. Оларды заң шеңберінде оқшаулап, уақытша ұстайтын панажай Қарқаралыда мүлде жоқ. Аудан басшылығы панажай құрылысына тендер жариялауға енді ғана қам жасап жатыр. Оның құрылысы аяқталғанша қанша адамның қанжоса болып, қаңғыбас итке таланарын кім білсін?!

Кешегі оқиғадан кейін оянған полиция қызметі көшеде бос жүрген иттердің иесіне айыппұл сала бастапты. Бұрын «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» деуші едік, қазір «Қабаған иттің иесіне айыппұл сал» дейтін болдық. Айыпты иттің өзі емес, иесі тартады. Ал, иесіз иттер ше?

Бұл сұраққа тосылған шенеуніктердің жағдайы итке таланып, шошынған баланың жағдайынан әлдеқайда жақсы, бәрібір. Анасы ит қапқан баласының түнгі ұйқысы бұзылғанын уайымдап, зар еңірейді… Жүрісі мен үрісі заңмен қорғалатын итте уайым жоқ.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ