Уәдеде тұрмағанның аты жоқ

Ашық дереккөз

Ертеде әр намысты адам өз есім-сойына зор құрметпен қарайтын. «Әйкәпір» атанбайық деп отыратын үлкендер. Бұл бағзы заманнан жеткен қасиет секілді. Ғалымдар үндістер мен түріктердің тегі бір дейді. Ал біздің есім-сойға құрметпен қарау қасиетіміз сонау түрік пен үндіс бір ел болғаннан, бір аймақта өмір сүрген кезден бері сақталған секілді.

Бізге туыс дейтін үндістердің квакиутль тайпасында бір ғажап дәстүр болыпты. Біреуден қарыз алса, яки уәде берсе – қарызды қайтарғанша, уәдені орындағанша есімін кепілге қалдырады. Яғни уәдесін орындамайынша ел оны есімімен өлсе де атамайды. Бұл дәстүр түрік жұртында да, оның ішінде қазақта да болған секілді. «Егер осыны істемесем Асхат (шартты түрде) атым құрысын», «Былай қылмасам Асхат атым өшсін», «Егер уәдемде тұрмасам мені Асхат деп атамай кет» деген сөз тіркестері бар. Әлі күнге дейін дәл осылай айтылады. Бір өкініштісі бұның мағыналық, маңыздылық қасиеті жоғалып, сұлбасын сүйретіп бүгінге сипатсыз сөз ғана жетіпті. Егер уәдені орындағанша есімін кепілге алатын болсақ біздің елде есім-сойы жоқ шенеуніктер қаптап кетер еді. Біз уәдесін орындамайтын президент пен министрлердің есімін алуды қойып, керісінше оларды әспеттеп есім беріп жүрміз...

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ