Арнайы және инклюзивті білім беру – уақыт талабы

скриншот

Тағдырдың тәлкегіне түскен балаларды қоғамға бейімдеп, өзгелер секілді қалыпты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – бүгінгі қоғамның басты талабы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек, соған сай мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. Соңғы 3 жылда арнайы білім беру ұйымдарының желісі айтарлықтай өсті. Осы уақыт аралығында білім басқармасымен 9 ұйым ашылып үлгерді. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар контингенті 14870 құрайды, оның  2275-і мүгедектігі бар балалар. Қажеттілікке қарай аймақта арнайы білім беру ұйымдарының желісі ұлғаюда. Қазіргі таңда осындай 29 ұйым жұмыс істейді. Арнайы білім беру ұйымдарына қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Аталған кеңес білім беру бағдарламасын анықтайды және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға жібереді. Облыста 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес жұмыс істейді.

Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін 2022 жылдың 1 ақпаннан бастап арнайы және инклюзивті білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету "Malahit" бірыңғай платформасы арқылы автоматтандырылды. MALAHIT көмегімен кез келген азамат ұялы телефоннан, компьютерден, ЭЦҚ-сыз, құжаттарсыз психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің тексерісіне жазыла алады. Платформа арқылы жақын орналасқан арнайы білім беру ұйымдары туралы біліп, оның талаптарына сәйкес келетін арнайы бала-бақшаны немесе мектепті таңдап, оқуға түсуге құжаттар тапсыра алады.

Үздіксіз білім беру жүйесіндегі бірінші кезең – мектепке дейінгі білім беру болып табылады. Аймақта 3 арнайы балабақша бар. 1-еуі Абай ауданында болса, 2-еуі  Теміртау қаласында. Балабақшалардың 45%-ында инклюзивті білім беру үшін барлық жағдайлар жасалған. Атап айтқанда қолжетімді орта, арнайы білім беру бағдарламалары мен әдістерін пайдалану, ұжымдық және жеке пайдалануға арналған оқытудың арнайы техникалық құралдары, білікті мамандармен жасақталған.

Облыста есту, көру қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген, сөйлеу тілі, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 10 арнайы мектеп-интернат жұмыс істейді. Арнайы мектеп-интернаттарда оқитын балалар саны 1525 оқушыны құрайды. Арнайы мектептер жалпы білім беретін мектептермен ортақ білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту міндеттерін, сондай-ақ оқытудың арнайы жағдайларын жасай отырып, бұзылған функцияларды түзету және өтеу міндеттерін атқарады.

Ағымдағы оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 252-cінде немесе 62% -ында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2836 бала оқиды. Сондай-ақ, 653 оқушы үйден оқытылады. Инклюзивті оқыту процесіне облыс мектептері педагогтарының жалпы санының 42,8% -ы жұмылдырылды. Мектеп педагогтарының 49,8%-ы инклюзивті білім беру мәселелері бойынша арнайы курстардан өткен. 2019 жылдан бастап республикалық жоба шеңберінде "Болашақ" корпоративтік қорының қолдауымен жалпы білім беретін мектептер базасында инклюзияны қолдаудың 6 кабинеті жұмыс істейді: Теміртау қ. - 1, Қарағанды қ. - 5, онда аутизмі және ақыл - ой кемістігі бар 55 бала психологиялық-педагогикалық көмек алады. Жергілікті бюджет есебінен кабинеттерге педагог-ассистенттердің, дефектологтардың, логопедтердің, психологтардың штаттық бірліктері бөлінді.

2013 жылдан бастап Қарағанды облысының білім беру ұйымдарына әдістемелік, кеңестік-ақпараттық қолдау көрсету және тәжірибені тарату мақсатында Қарағанды қаласының №27 жалпы білім беретін мектебі облыстық инклюзивті білім беру ресурстық орталығы болып белгіленді. Ресурстық орталықтың жұмыс істеу кезеңінде республика және облыс деңгейінде көптеген семинарлар, дөңгелек үстелдер, шеберлік сағаттары, мұғалімдердің біліктілігін арттырудың 10-нан астам курсы өткізілді.

Облыста 2 оңалту орталығы  және 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті  жұмыс істейді, олар дамуында психофизикалық бұзылулары бар 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік көмек көрсетеді. 2023 жылы Саран қаласында, 2024 жылы Балқаш қаласында, 2025 жылы Бұқар Жырау ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарлануда.

2022 жылы облыста алғаш рет аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы ашылды. Аутизм орталығы аутизмі бар балаларға, оның ішінде білім беру ұйымдарында, арнайы білім беру ұйымдарында білім алушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Орталық ай сайын 250 баланы қабылдай алады. Аутизм орталығы дертті анықтауға және әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдылардың тапшылығын жоюға бағытталған алты интервенциялық бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Әр бала жеке таңдалған бағдарламаға сәйкес үш айлық оқу циклынан өтеді.

Ай сайын барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының қатысуымен кездесулер өткізіледі, онда ерекше баланың әрбір ата-анасы сұрақ қойып, құзыретті жауап ала алады.

Жалпы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуын дамыту – ұзақ және күрделі процесс. Басты мақсат - әрбір білім алушының қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін кедергісіз білім беру ортасын құру арқылы даму ерекшеліктері бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылған істер жетерлік. Атқарылатын іс қаншама. Қорыта айтқанда мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамнан оқшауланбауы тиіс. Себебі, өмірдің тауқыметін тартқан тағдырлы адамдардың да қалыпты өмір сүруге хақысы бар. Сол үшінде  осындай жандардың жайы қай кезде де алдыңғы орында болу керек.

 

Қарағанды облысының білім басқармасы