Бесқонақ және отамалы

https://pixabay.com/ru/

Қазақ халқының өмір салты табиғатпен біте қайнасқанын барлығымыз білеміз. Өмірі аттың жалы, түйенің қомында өткен ата-бабамыз түрлі болжамдарды тек қана жан-жануарлардың әрекетіне қарап болжап қоймай, айдың тууы, жұлдыздың шығуы, жалпы, табиғи әр құбылысты есепке ала отырып болжаған.

Қазақ күнтізбесі бойынша бағзы замандарда әр айда 30 күн болған және төрт тоқсанға бөлінген. Әр тоқсанда, әр айда өзіндік құбылыстар болатыны ақиқат. Сол құбылыстың барлығына атау берген екен ата-бабамыз. Қазіргі күнтізбеде 365 күн бар деп есептегенде ежелгі күнтізбеміз 5 күнге ғана ауытқып тұр. Бірақ, ол бес күнді де атаусыз қалдырмаған. Наурыз мейрамына дейінгі аралықта, яғни, Арқа жұрты, Солтүстік Қазақстанды мекендеген қазақтар 17-21 наурыз аралығын «Бесқонақ» атаған. Көкшетау жағында бұл мегілді «Отамалы» деп атайтын көнекөздер әлі де бар. Бұл -  күн күрт бұзылып, аспанда ай көрінбей кететін өліара мезгіл. Отамалымезгілі жайлы «Қара жерге келсем қар әкелем,  қарлы жерге келсем қар әкетем» деп келеді дейтін ырым бар деуші еді үлкендер.Бұл көбіміз білетін «Қардың басын қар алар» деген мақалымызбен де сәйкес келеді.  Не десек те жоғалып кетіп отырған бес күнді қазақтар жыл соңына қосып, наурыздың 22 жұлдызынан бастап  жыл басталғанын есептеген.

Қазіргі есебіміздегі 14 наурыз ескіше есептесек бірінші наурызға тап келеді. Бұл күні саршұнақтар інінен шыға бастайды. Күн жылы болса інінің аузынан әрірекке дейін барған, ауа райы қолайсыз болса ін ауызнан бір жылт етіп, кері қайтады деседі.

Сондай-ақ, наурыз айының соңында жыл құстарының жылы жақтан келе бастайтынын есепке алып, осы мезгілдегі күн райының бұзылуын «Құс қанатына» теліген.