Қарағанды облысында алдағы жылдары 92 ауылдық денсаулық сақтау нысаны салынады

Ашық дереккөз

Екі жыл ішінде Қарағанды облысында 92 ауылдық денсаулық сақтау нысаны салынуы тиіс: 11 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 47 медициналық пункт. Бұл туралы өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желілердегі парақшаларында хабарлады.

"14 ФАП үшін бізде жобалық-сметалық құжаттама және мемлекеттік сараптаманың қорытындысы дайын. Республикалық бюджет комиссиясы біздің өтінімімізді қолдады. Кадрларды "Дипломмен – ауылға! " бағдарламасы бойынша тартпақпыз. 69 медицина қызметкерін шақырамыз, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз және әлеуметтік қолдаусыз қалдырмаймыз.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына сапалы шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Теміртау және Балқаш медициналық мекемелерінің базасында көпбейінді орталық аудандық ауруханалар ашамыз. Олар бірнеше аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мысалы, Балқаш ауруханасы республикалық тас жолда орналасқан. Онда Приозерск, Ақтоғай және Шет аудандарының тұрғындары емделеді. Теміртау ауруханасында Ақтау кентінің, Осакаров, Нұра және Бұқар Жырау аудандарының және Теміртау қаласының тұрғындары ем алады. Қазір медициналық мекемелер күрделі жөндеуден өтуде", – деп жазды Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желілерде.