Саран қаласындағы автоклуб мүшелері ардагерлерді сайлау учаскелеріне тегін жеткізді

Ашық дереккөз

Саран қаласында Volkswagen T4 автоклубының қатысушылары қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерін сайлау учаскелеріне алып барды. Акцияға бес машина жұмылдырылды.
– Біз бұл акцияны өзіміз өткізуді шештік, – дейді автоклубқа қатысушылардың бірі – Алексей Архипов. – Ардагерлер – ең жауапты сайлаушылар, олар сайлауға бірінші болып барады. Біз оларды үйлерінен сайлау учаскелеріне апардық, содан кейін қажет болған жағдайда сүйемелдеп, еріп жүрдік. Дауыс беріп болған соң оларды үйлеріне жеткіздік.

Аға буын автокөлік әуесқойларының бастамасына қуанып, алғыстарын білдіріп жатты.

– Сайлау – Қазақстан Республикасындағы саяси процестің маңызды бөлігі. Автоклуб жастары бізді сайлау учаскелеріне апаруды ұсынды. Біз олардың осындай көмегіне өте ризамыз, – деп бөлісті Саран қаласының Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің сауда және тамақтану бастауыш ұйымының төрайымы Айман Хайруллина.

Бұл Саран автоклубының ұйымдастырған алғашқы игі ісі емес. Жеңіс күні жүргізушілер тобы қаза тапқан батырларға гүл шоқтарын қою үшін ардагерлерді ескерткіштерге апарып қайтқан болатын.