Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы бүгін Словакиямен кездеседі

ашық дереккөз

Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін, 19 мамырда Қазақстан құрамасы Словакиямен кездеседі.

Аталған ойын елорда уақытымен 23:20-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі құрама бұған дейін сегіз мәрте кездесті. Бір ойында Қазақстан, алтауында Словакия жеңіске жетсе, бір кездесу тең аяқталды.

Словакия 2002 жылы әлем чемпионы атанса, 2000, 2012 жылы күміс, 2013 жылы қола медаль алды.

Қазақстандық хоккейшілер қазірге дейін төрт кездесу өткізді. Бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңді.

Одан кейін Чехиядан - 1:5, Швейцариядан - 0:5, Канададан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Ал Словакия Чехиядан 2:3, Швейцариядан 2:4, Канададан буллиттен 1:2 есебімен жеңілсе, Латвияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ, аталған топта бүгін Латвия - Словения құрамалары кездеседі.

А тобында Венгрия - Финляндия, Австрия - Германия құрамалары ойнайды.