Аю байлайтын жігіттер...

https://pixabay.com/ru/

«Ел іші – өнер кеніші» деген мақалдың шындығына ел аралаған сайын көзім жете түседі.  Ауылдық жерлерде таңды таңға ұрып әңгіме айтатын кісілер әлі де жеткілікті. Тек, оларды дәл таба біліп,  тетігін дәл баса білсең болғаны. Даланың дархан шалдарының жұрнағын көріп қалған  осындай адамдармен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Мұхамедия Төлеуханұлы осындай санаулы адамдардың бірі. Ендігі сөзді  Мұқаңның ауызымен айтсақ.

Қазақ сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған халық қой. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас», «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген мақалдар бізге бекер қалмаған ғой. Бірақ, қазіргі қазақ баяғы кейіпін жоғалтты. Ол замандар енді қайтып келмейді де. Жаңа заманға бейімделе білуіміз керек деп жатамыз ғой. Дегенмен, телебзірден күнде беріп жататын «Рухани жаңғыру» деген бағдарламаларың осы өткенімізді бір саралап алуды да қамтитын шығар? Артымыздағы жастар «рухани жаңғырсын» деген ниетпен тағы бір әңгімемді айтып берейін.

Сайдалы Сүгірәлі руынан Ақтау болысында болыс болған Мінәсіп, Тұтқыш атты ағайынды екеуі шалқыған бай болған. Бұл кісілер біздің арғы аталарымыз. Сол Тұтқыш бабамыздың Тәшім атты баласы болыпты. Өзі сәл иманмасылау адам болса керек. Иманмасы дегенді қазіргі жастар білмейсіңдер. Аңғалдау, әпенділеу кісілерді солай атаған. Қазір сендер «Қожанасырлау адам» дейсіңдер ғой. Тәшім сондай кісі болса керек. Аузына келгенді айта салатын, бірақ, сол сөзге зер сала қарасаң кәдімгідей салмағы бар дүниелер де болған. Елдер «Байдың баласы, жақсының тұқымы» деп ол кісінің сөзіне де мән беріп, аңдып отыратын болса керек. Сол Тәшім жанында жігіттері бар Телғозының Шоңының ауылына келіп, Шоңның үйіне түскен екен. Шоңның бой жетіп отырған қызы болса керек. Жақын маңайдағы беделді деген кісілердің барлығы Шоңмен құда болудан дәмелі. Тәшкеңнің Қанапия деген сол қыз құралпылас ұлы болса керек. Тәшімнің иманмасылығына қарап менсіне қоймайды ма әйтеуір мың сылтау айтып келісім бермей қояды. Шоңкеңнің Әйімкүл деген бәйбішесі «Қызымыздың жасауы дайын емес. Анаусы толық емес, мынаусы толық емес» деп маңайлатпай қойыпты. Шоңкең  сол замандарда жағдайы жетіп тұрса да жалғыз әйел алған адам екен. Тұстастары «Сен неге екінші қатын алмайсың?» деп келекелеген кезде «Сатпақ-сатпақ қылып бәлен әйел алғанша, аппақ қылып біреуін алған дұрыс» деп тоқтатады екен. Сол Әйімкүл әдемілігімен қоса ақылды жан болса керек. Әйтеуір, өздеріне ұнамаған адамды жәйлап шығарып салып отыратын болыпты.

Содан жылқыларды отқа қоятын мезгіл болыпты. Сол кезде Тәшім әкеміз «Ойбай, қара айғырдың бас асаулығы бар еді. Өзімнен басқа ешкімге көнбейтін» деп орнынан ұмтылып тұрмақ болады. Бай адамның жалғыз жүрмейтіні белгілі. Жанында кемі 7-8 жігіт жүреді. Шоң да «Мынаны қай жерден ұстасам екен» деп сөз аңдып отырса керек. «Ойбай-ау, Тәшке, отырсаңызшы! Менде аю байлайтын жігітер бар» депті.  Жанындағы кісілер де Тәшкеңнің тізесінен басып, орныңызда отырыңыз дегендей белгі береді. Не керек, аттар отқа қойылады. Жатар мезгілде жанындағылар «Ойбай-ау, Тәшке, өзіңіз сылтауратып ұлыңызға қыз айттырып келіп отырсыз. Қара айғырыңыз не? Екі ортада сөз естіп қалдыңыз» дейді.

Содан ертесіне аттанарда  Тәшкең «Шоң, ертең жігіттеріңді менің ауылыма жібер. Ерулікке үш жылқы атадым» деп кете барыпты. Содан қосқа келіп, сол жердегі жігіттеріне «Ертең Шоңның жігіттері жылқы алуға келеді. Сендер жылқы ұстап беруші болмаңдар. Өздері ұстасын. Аттылы адамды алыстан көрсе безіп кететін қарагер биені, анабір шу асау көк биені, үшіншіге ана құла биені көрсетіңдер де жағаласпай тұрыңдар» деп тапсырма беріпті.  Сөйтіп, келіскендей екі-үш жігіт жылқыларды алуға келеді. Олар дайын жылқыны аламыз да кетеміз деген оймен келсе керек. Асауды қуатын, адамның ойын тақым қысысынан сезетін жылқы қуатын аттар жеке болады ғой негізі. Келген жігіттерге Тәшімнің жылқышылары «Мына үш биені алсын деген» деп өздері сырт айналып кетеді. Аналар олай қуғылап, былай қуғылап үш биенің біреуін де ұстай алмапты. Бұл әурелерінен түк шықпаған жігіттер Тәшкеңнің үйіне келіпті. «Тәшке, кеше Шоңкеңе үш  бие атаған екенсіз. Биелеріңіз ұстатпады. Жігіттеріңіз көмектеспеді» деген ғой. Сонда Тәшкең «Әй, Шоңдарыңа айта барыңдар. Кешегі аю ұстайтын жігіттерін жіберсін» депті. Соныменен Шоң да бие алмай, Тәшім де жылқы бермей бұл мәселе жабылып қалыпты.

Келесі жылы көктемде Тәшкең Шоңға тағы келеді. Сырғақтатып отырып баласына қыз айттыра келгенін айтады.  Әйімкүл тағы да әңгіменің ұшын сиырқұйымшақтандырып жібереді. Шоң Тәшімнің әңгімеге шорқақтығын біліп әдейі топ адамның ішінен Тәшкеңе бұрылып «Тәшке, әңгіме айтыңыз. Не көрдіңіз, не білдіңіз?» дейді ғой. Бұл көктемнің киік келіп жатқан мезгілі болса керек.  Тәшкең «Не көруші едім. Ақтаудан былай қарай киік келген екен. Біреуі қашады, біреуі қуады. Білмейм әйтеуір» десе керек. Анау мырс етіп күледі. Тәшім аттанып кеткен соң Шоң Әйімгүлге «Әй, Әйімгүл бағана Тәшімнің не айтқанын сездің бе?» депті. «Өй, сол әпендеңді қойшы. Киіктің қашқаны мен қуғанынан басқа не айтты? Сол әңгімесін екі қайталады. Байғұс әңгіме де білмейді. Бізбен құда болғысы келеді сықпытына қарамай» деген ғой әйелі.  Сонда Шоң «Әй, оның  қашқан киігі біз. Қуғаны өзі ғой. Ақыры тектінің ұрпағы емес пе?» деп Шоңкең әңгіменің нүктесін өзі қойған екен.

                                                                                                                                                      Айсұлтан Жақып