Бір әннің тарихы: Арқаның аруы Айсұлу

https://ult.kz/

Бұл әннің орындалып жүргеніне бірер жылдың көлемі өткенімен тик-ток әлеуметтік желісінде ән орындаушысының өз үйлену тойында, есік алдында өткен тойда орындаған видеосы арқылы көпшілікке кеңінен таралды.

 

Ән тарихын  авторы, композитор Индира Елубаева былай баяндайды: Менің мына әніммен мына бала желіні жарып жатыр екі-үш күннен бері... Әлқисса,  басынан бастайыншы. Бұл әннің сөзін исі қазаққа белгілі ақын Қалқаман Сарин досым сонау жылдары, бәлки, бойдақ кезінде келіншегі Айсұлуға арнап жазған екен. Күндердің күнінде сол өлеңді фейзбук желісінен көзім шалып қалды. Қалқаман өлеңді келіншегіне ғашық боп жазса...мен өлеңге ғашық болдым. Қалқаш өлеңімен қыз баласының сұлулығын, сезімін, махаббатын мөлдіреген теңеумен бұлақтың суы секілді құя салыпты шіркін ...

Қиял әлеміне еніп кеткен мен «Мынау өлең емес... сурет екен» дедім.Әп сәтте бала кезімдегі кинолардан көрген Қыз Жібек секілді көркем бейнелер көз алдымнан лентада жүріп өтті. Домбырамды ұстап,  әндетіп ем осы бір әуен келе қалды. Құйылып келген әуенді диктофоныма сақтап қойдым. Содан Қалқаш досыма хабарласып осындай бір керемет өлеңіңе ән жаздым. Керемет өлең екен деп тоқтамай айтып жатсам, «Аааа ол өлең баяғыдаааа қатыныма арнап жазған өлеңім ғой» дей салды. Өлеңнің аты қалай десем "Айсұлу" деп аталады деді. Сөйтіп ол ән диктофонымда біраз уақыт жатты. Күндердің күнінде Шымқалаға барған сапарымда осы бір әнші жігіт мені арнайы іздеп келіп, шығармашылығымды жақсы көретінін айтып бұйымтайға ән сұрады. Жасы жиырмадан енді асқан кезі екен. Ән салғызсам даусы да әп-әдемі. Репертуарымды сіздің әндеріңізбен бастасам деген мақсатым бар деді ...

Балаң жігіттің есімі Нұрлыхан. Мен көп ойланбастан осы әнді аманаттадым. Сөйтіп әнге киім кигізіп, музыкалық өңдеуін жасап жарыққа шығардық. Ән дайын болғасын Қалқашқа хабарластық.  Сөйтсем ол "Ойбаааааай, мына әнді тыңдап қатыным таңға дейін ұйқтамайтын болды ғой"... дейді. Мен әннің тақырыбына сәл өзгеріс енгізіп «Арқа аруы» деп атайық деген ұсыныс жасадым. Ол сонда да болса келіншегінің есімін көрсеткісі келді ме  "Арқаның аруы Айсұлу" деп атайық деді.

 Міне, сол әнді Нұрлыханның үйлену тойында есік алдындағы туысқандар алдында айтқан сәті елдің ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Ал, мен қуандым. Жұлдызың жансын бауырым!

Сөзі:Қалқаман Сарин. Әні: Индира Елубаева. Орындаған: Нұрлыхан Әлиев.