ИТ ТЕ АЙҒА ҚАРАП ҰЛИДЫ...

https://www.nexplorer.ru/news__11791.htm

Кеше «Жібек жолы» арнасынан иттің тазы мен төбет тұқымдары жөнінде хабар көрдім. Хабарға атынан ат үріккендей біраз бауырларымыз қатысты. Алайда өзін қойшымын деп жүрген Алмасбек Садырбайдан басқа ешкімді жүздей алмадым. Тіпті, жүргізушісін де түстей алмадым.

Осы ит тұқымдарымен айналысатын біреу естіп, біреу естімеген «Қансонар» атты қауымдастық та бар екен. Айтуларынша күндіз-түні жұмыс істеп жатқанға ұқсайды. Оның өзін кинолог бауырымыз басқарады екен.

Итпен кинолог емес, итбегілер айналысса керек еді ғой деп қоямыз.

Синолог балам айтады, хайуанаттар дүниесінде ұлттық реңк болады деп. Оны өзім де ойлап қоюшы едім. Жаңылыспасам керек.

Түркіменнің алабайын көргенде есіме міндетті түрде тақиясын алшита киген түркімен тұрады. Тайғанды көріп қырғыз бауырдан айналып тұрасың.

Ал өзіміздің тазымыз бен төбетімізге келгенде көзімізді аяқ ұшына түсіретініміз қалай?!

Кім қалай десе де ит қазақ баласы үшін құр жай үй жануары емес, ұлттық құндылық! Сондықтан да осынау тұжырым әр қазақ баласының зердесінде жүрсе дейсің. Ит қазақ баласының ұғымында тазы мен төбет ғана емес, ол ең алдымен – бөрібасар, ол ең алдымен – барақ, ол ең алдымен – боркөз (бөрікөз)...

Ол ең алдымен – ұшар!..

Итбегілер ұшарды білсе керек – иттің жүйрігі!

Ұшар дегеніміз қанатты итіміз!

Қанатты қасқырымыз – құныс!

Қанатты тұлпарымыз – пырақ!

Қазақ қорымдарын қазғанда әманда осы жануарлар сүйектерінің шығуы тегін емес!

Осыдан кейін бұл жануарларды ұлттық құндылығымыз демей көріңіз?!

Сол құндылығымыздың тініне, өзегіне жете алмай келеміз. Бабаларымыз бізден кейін қандай ұрпақ келер екен деп күмәнмен қарағандай итті жеті қазынаның бірі деп шегелеп кеткен.

Соны айтуы айтамыз да әрі қарай ой жүгіртпейміз.

Бір сөзбен айтқанда ит қазақ баласының жан қорғанышы!

Бір сөзбен айтқанда ит қазақ баласыынң тән қорғанышы!

Бір сөзбен айтқанда ит қазақ баласының қамал қорғаны!

Бір сөзбен айтқанда ит қазақ баласының Қытай қорғаны!

Бір сөзбен айтқанда ит қазақ баласының асыраушысы!

Қазақтың талай ойдым ауылдары осы иттің арқасында ашаршылықтан аман қалған.

Ит сол табиғатынан әлі ажырай қойған жоқ...

Күні кеше ғана итке кәдімгідей зарплата төлеген. Ондай зарплатаны жер қазғандардың өздері де алмаушы еді.

Ит адам жанының арашашысы дегенге сеніңіз. Күрделі оталардың барлығы да ең алдымен итке жасалған.

Жә, осы жерден тізгін тартайық. Сонымен ит тұқымын сақтауға 1,4 млрд.теңге қаржы бөлініп отыр екен. Аз сома емес. Жалпы, итке қаратып айтсақ көп те емес.

Көк жәшіктен көрген талқылауды санамнан өткізсем әңгіме әлгі қыруар соманы игеру жөнінде болып жатқан сынды. Шынымен өңеш керетін жағдай-ақ екен.

Ит болғанда әңгіме тазы мен төбет, олардың тұқымын қалай сақтау керектігі туралы екен. Олай болса ең әуелі тазы мен төбеттің мәртебесі айқындалуы керек. Бір-ақ мысал келтірейік.

Кешегі есті құлақ шалдар Арқадағы тазының сабалақ түрін айтушы еді. Тазының бұл түрі әдетте жүндес келген. Өйткені қыс Арқада кемі алты ай жатады. Кешегі хан Абылайдың сабалақ аталуының астырында осындай мән жатыр.

Тазының сол тұқымын орнықтыруға қаражат бөлінген бе? Бөлінбесе қайтпек керек?..

Ит тұқымын асылдандырумен кім шұғылдану керек?

Қазір экологтарымыз бен кинологтарымыз шұғылданып жатыр екен. Бұлай жүре берсек мұнымен жұмысын тастап геологтарымыз да шұғылдана алады екен.

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп жатамыз. Сол «қасапшымыз» дәл осы жерге керек!

Қасқыр айға қарап ұлиды!

Ай астындағы қасқырлар бірігейік деп ұлиды...

Ит те айға қарап ұлиды!..

Кімге қаратып бірігейік деп ұлиды екен?..

Есіңізде жүрсін, ит иесін іздегенде ұлиды...

Өйткені оның ең жақын жаратылысы сіз бен біздерміз...

21.12.2022.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы, этнограф.